Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы ереже

Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл қызметiн белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 2002 жылғы 19 қыркүйек N 947.

 

Республикалық баспасөзде

      мазмұны жариялануға тиіс

      Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесiн жетiлдiру мақсатында қаулы етемін:

  1. Қазақстан Республикасында Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл қызметi белгiленсiн.
  2. Қоса берiлiп отырған Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл туралы ереже бекiтiлсiн.
  3. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлықтан туындайтын шаралар қолдансын.
  4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкiмшiлiгiне жүктелсін.
  5. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.


Қазақстан Республикасының

Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2002 жылғы 19 қыркүйектегі
N 947 Жарлығымен
бекiтiлген






Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл туралы
ереже
1. Жалпы ережелер

  1. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл (бұдан әрi - Уәкiл) - өз құзыретi шегiнде адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтiру жөнiнде шаралар қабылдау өкiлеттiктерi берiлген, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлға.
  2. Уәкiл өз қызметiмен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын қолданыстағы мемлекеттiк құралдарды толықтырады. Уәкiлдiң қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес адамның құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiн шектемейдi.
  3. Уәкiл өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына , Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  4. Уәкiл өз қызметiн жүзеге асыру барысында тәуелсiз.
  5. Осы Ережеде көзделмеген функцияларды Уәкiлге жүктеуге ешкiмнiң құқығы жоқ. Уәкiлдiң қызметiне қандай да бiр заңсыз араласуға жол берiлмейдi.

      Өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезеңiнде Уәкiл саяси партиялардағы және өзге де қоғамдық бiрлестiктердегi мүшелiгiн тоқтата тұрады.

      Уәкiлдiң саяси қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

  1. Уәкілдiң қызметi:

      1) заңдылық;

      2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы;

      3) объективтiлiк;

      4) жариялылық принциптерiне негiзделедi.

2. Уәкiлдi қызметке тағайындау және қызметтен босату

  1. Уәкiл қызметiне сайланатын адамдар мынадай талаптарға жауап беруге тиiс:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтығын иеленуi;

      2) жоғары заңгер немесе гуманитарлық бiлiмi болуы;

      3) заңгер мамандығы бойынша немесе адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында кемiнде үш жыл жұмыс стажы болуы.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Уәкілді бес жыл мерзімге Сенат қызметке сайлайды және қызметтен босатады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.
      9. Алып тасталды – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.
      10. Алып тасталды – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.
      11. Алып тасталды – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.
      12. Алып тасталды – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.

  1. Уәкiлдiң өкiлеттiгi оның мерзiмi аяқталған күннен бастап, сондай-ақ ол мерзiмiнен бұрын босатылған немесе өз өкiлеттiгiн доғарған жағдайда тоқтатылады.
  2. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Сенат Уәкiлдi атқаратын қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн. Уәкiлдi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатудың негiздерi:

      1) қызметiнен өз тiлегi бойынша босату;

      2) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiби мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi келтiретiн денсаулық жағдайы;

      3) Уәкiлдi iс-әрекетке қабiлетсiз немесе шектеулi қабiлеттi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмiнiң заңды күшiне енуi;

      4) айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуi;

      5) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуы;

      6) Уәкiлдiң қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмiнiң заңды күшiне енуi;

      7) Уәкiлдiң басқа қызметке тағайындалуы, сайлануы және оның басқа жұмысқа ауысуы;

      8) осы Ережеде белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамауы;

      9) лауазымдық өкiлеттiктерiн өрескел бұзуы, атқаратын қызметiнде болуына сай келмейтiн әрi мемлекеттiк билiктiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылықтар жасауы;

      10) Қазақстан Республикасынан сырт жерге тұрақты тұруға шығуы болып табылады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471 Жарлығымен.

3. Уәкiлдiң құзыретi және оны iске асыру тәртiбi

  1. Уәкiлдiң заңда белгiленген тәртiппен:

      1) осы Ереженiң 18-тармағында аталғандарды қоспағанда, лауазымды тұлғалар мен ұйымдардан шағымдарды қарау үшiн қажеттi мәліметтер сұратуға;

      2) мемлекеттiк органдардың, өзге де ұйымдар басшыларының және басқа да лауазымды тұлғалардың кiдiрiссiз қабылдауында болуға;

      2-1) алынып тасталды

      2-2) алынып тасталды

      2-3) Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың шағымдарын қарау нәтижелері бойынша, сондай-ақ олардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы ақпаратты өзге жолмен алған кезде осы мәселелер бойынша парламенттік тыңдаулар өткізу ұсынысымен Парламент палаталарына жүгінуге;

      2-4) адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың, басқа да үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының жұмысына қатысуға;

      3) адамның және азаматтың құқықтарының бұзылуымен байланысты анықтауға жататын мән-жайлар бойынша қорытынды дайындау үшiн сарапшылық және консультативтiк жұмыстарды орындауға шарт негiзiнде ұйымдар мен мамандарды тартуға;

      4) адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қолдануға;

      5) қызметтiк куәлiгiн көрсетiп мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, соның iшiнде әскери бөлiмдер мен құрамалардың аумағына және үй-жайларына кiруге және ол арада болуға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарына баруға, оларда ұсталатын адамдармен кездесiп, әңгiмелесуге;

      6) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық іс қозғау туралы қолдаухатпен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға жүгінуге;

      7) жүргiзiлген тексерулер нәтижелерi бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабарламалар жариялауға құқығы бар.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2004.11.29. N 1474 , 2006.08.29. N 168 Жарлықтарымен.

  1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiсiн анықтау мақсатында осы Ереженiң 15-тармағына сәйкес Уәкiл өз құзыретiнiң шегiнде, келiп түскен өтiнiштер негiзiнде де, және егер оған ресми көздерден немесе бұқаралық ақпарат құралдарынан аталған жолсыздықтар туралы мәлiм болған жағдайда, сондай-ақ өз бастамасы бойынша да адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзу фактiлерi туралы мәлiметтердi тексередi.
  2. Өз қызметiн жүзеге асыру барысында Уәкiл Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың, олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен , заң актiлерiмен және халықаралық шарттарымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарын бұзатын лауазымды тұлғалардың және ұйымдардың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне жасаған арыздарын қарайды.
  3. Уәкiл Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламентiнiң және оның депутаттарының, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Конституциялық Кеңестiң, Бас прокурордың, Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы соттарының iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне жасалған шағымдарды қарамайды.
  4. Уәкiл өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының адам құқықтары мен бостандықтарына, олардың қорғалу нысандары мен әдiстерiне қатысты заңнаманы жетiлдiруге, оларды халықаралық құқықтың жалпыға ортақ принциптерi мен нормаларына сәйкес келтiруге, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына тиiстi ұсыныстар енгiзу арқылы адам құқықтары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етедi.
  5. Уәкiл адам құқықтары мен бостандықтары саласында құқықтық ағартушылыққа жәрдемдеседi, адам құқықтары бойынша бiлiм беру бағдарламалары мен халықтың бiлiм деңгейiн көтеруге, ұлттық заңнамалар мен маңызды халықаралық құжаттар әзiрлеуге қатысады.
  6. Уәкiлдiң пiкiрi бойынша қоғамдық маңызы ерекше деген жағдайларда, ол өз үндеуiн тiкелей Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне немесе Үкiметiне жолдауға хақылы.
  7. Уәкiл ез қызметiн жүзеге асыру барысында:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға;

      2) азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтауды және қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға;

      3) заңнамада белгiленген тәртiппен және мерзiмде азаматтардың лауазымды тұлғалардың iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), мемлекеттiк органдардың, өзге де ұйымдар мен олардың лауазымды тұлғаларының шешiмдерiне жасаған арыздарын қарауға және олар бойынша тиiстi шаралар қолдануға;

      4) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, өтiнiштi қарау нәтижесiнде мәлiм болған құпия сипаттағы ақпаратты жария етпеуге;

      5) арыз берушiмен қарым-қатынаста ықылас пен әдеп танытуға;

      6) өтiнiштердi қарау барысында әдiл болуға және алаламауға;

      7) өзiн қорғауды өтiнген адамның құқықтарын жүзеге асыруға кедергi келтiретiн қандай да бiр iс-әрекеттер жасамауға мiндеттi.

  1. Уәкiл жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына өзiнiң қызметi туралы есеп табыс етедi.

4. Уәкiлдiң ден қою актiлерi

  1. Уәкiлдiң ден қою актiлерi ұсынымдар болып табылады.
  2. Өтiнiштердi тексеру нәтижелерi бойынша Уәкiл iс-әрекеттерiмен (әрекетсiздiгімен) арыз берушiнiң құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды тұлғаға бұзылған құқықтарды қалпына келтiру үшiн қолдануға тиiс шараларға қатысты ұсынымдар жiберуге хақылы.
  3. Уәкiлдiң ұсынымдарын алған лауазымды тұлға олар келiп түскен күннен бастап бiр айдың iшiнде ұсынымдарды қарауға және оларды қараудың нәтижелерi туралы хабарлауға мiндеттi.

      Уәкiлдiң ұсынымын қабылдамаған жағдайда лауазымды тұлға өз шешiмiнiң мәнiсiн дәлелдеуге мiндеттi.

  1. Уәкiл ұсынымының көшiрмесi арыз берушiге жолданады.

5. Арыздарды қарау

  1. Арызда құқықтары мен бостандықтары бұзылған арыз берушiнiң немесе арыз берушiнiң заңды өкiлiнiң қолы қойылып және тегі, аты-жөнi мен мекенжайы немесе жұмыс орны туралы мәлiметтер қамтылуы, арыз берушiнiң пiкiрi бойынша оның құқықтары мен бостандықтарын бұзған немесе бұзушы шешiмдердiң немесе iс-әрекеттердiң (әрекетсiздiктiң) мән-жайы баяндалуға тиiс. Арыз берушiнiң талаптарын растайтын құжаттар мен өзге де материалдар шағымға қоса берiледi.
  2. Уәкiл шағымды қарауға қабылдай отырып:

      1) арыз берушiге оның өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауда пайдалануға құқығы бар тәсiлдер мен құралдарды түсiндiруге;

      2) шағымды мәнi бойынша шешу өз құзыретiне жататын тиiстi органдарға арыз беруге хақылы.

6. Уәкілдiң қызметiн ұйымдастыру

  1. Уәкiлдiң қызметiн мемлекеттiк мекеме болып табылатын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген мөрi мен бланкiлерi және мемлекеттiк тiлде жазылған өзiнiң атауы, сондай-ақ банк мекемелерiнде тиiстi шоттары бар Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық (бұдан әрi - Ұлттық орталық) қамтамасыз етедi.
  2. Ұлттық орталықтың басшысын қызметке Уәкiл тағайындайды және қызметтен босатады.
  3. Ұлттық орталықтың қызметi Уәкiлдiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық туралы ереженiң негiзiнде жүзеге асырылады.
  4. Ұлттық орталық Уәкiл қызметiн ақпараттық-талдау, ұйымдық-құқықтық және басқа да қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
  5. Ұлттық орталықтың қызметкерлерi өз қызметiн мемлекеттiк қызмет туралы заңнама негiзiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшiлер болып табылады.
  6. Уәкiлдiң жанынан консультативтiк-талдау функцияларына ие және адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжiрибесi бар адамдардан тұратын сарапшылар кеңесi құрылуы мүмкiн.
  7. Уәкiлдiң және Ұлттық орталықтың қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.


FaLang translation system by Faboba