Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Президенті 

мен Үкіметі актілерінің жинағында
және республикалық баспасөзде  
жариялануға тиіс        

       Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған, Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Осы Тұжырымдама мемлекеттің құқықтық саясат саласындағы тиісті бағдарламаларын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалары жұмыстарының перспективалық және жыл сайынғы жоспарларын, Республиканың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу үшін негіз болып табылады деп белгіленсін.
      3. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті мемлекеттік органдары өздерінің стратегиялық жоспарларын әзірлеу және іске асыру кезінде Тұжырымдаманың қағидаларын басшылыққа алсын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің ­кімшілігіне жүктелсін.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2009 жылғы 28 тамыздағы
N 858 Жарлығымен   
бекітілген     

Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі
кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы

1. Кіріспе

      2002 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы елдің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық жүйесі дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Өткен жылдары мемлекеттік және қоғамдық институттардың қарыштап дамуына ықпал ететін, Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бір қатар аса маңызды заңнамалық актілер қабылданды.
      Тұжырымдаманы іске асырудың басты қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларының (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, экологиялық, қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық заңнама) айтарлықтай жаңаруы болды.
      Жаңа кодификациялық актілер: 2003 жылы - Орман, Жер, Кеден, Су кодекстері; 2007 жылы - Еңбек, Экологиялық кодекстер; 2008 жылы - Бюджет, Салық кодекстері әзірленіп, қабылданды.
      Мемлекет норма түзушілік процесін жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін, олардың қатарында: заң жобалары қызметін перспективті жоспарлау; нормативтік құқықтық актілер жобаларына ғылыми (құқықтық, сыбайлас, жемқорлыққа қарсы, криминологиялық және басқалар) сараптамалар енгізу, қабылданатын заңдарды толық қаржылық қамтамасыз ету процестері бар, шаралар қабылдады.
      Сонымен қатар, әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні қол жеткізілгенмен шектелтіп қоймайды. Ұлттық құқықтың уақыттың жаңа талабына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің норма түзушілік және құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіру қажет.
      21-ғасырдың бірінші он жылдығы Қазақстанда конституциялық құрылыстың жаңа кезеңімен атап өтілді. 2007 жылғы 21 мамырда "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң қабылданып, онда ел үшін қағидаттық маңызды жаңалықтар жарияланды. Бұл ретте уақыт тезінен өткен мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісінің өлшемдері негізінен сақталды.
      Конституциялық реформа барысында осы үлгі аясында Парламент палаталарының рөлі мен ықпалын арттырған билік қатынастарының жүйесі жаңғыртылды, олар бүгінде мемлекеттегі істің жай-күйіне бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік алады.
      Азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуы, мемлекет пен қоғам қатынастарының үйлесімділігі бағдарының нәтижесінде мемлекеттік және қоғамдық институттардың неғұрлым белсенді өзара іс-қимылына конституциялық тыйымдар мен шектеулер алып тасталды, бүгінде біздің елдің ішкі жағдайы мен қажеттіліктеріне толықтай сай келетін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жаңартылды.
      Сот төрелігін іске асыру кезінде соттардың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған сот-құқықтық реформаның жаңа кезеңіне конституциялық деңгейде қарқын берілді. Өлім жазасын қолдану аясы қысқартылып, адамдардың өлімімен ұштасатын террористік қылмыстармен және соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстармен ғана шектелді, бұл Қазақстан жағдайында өлім жазасының іс жүзінде жойылғанын білдіреді. Соттың қамауға алуға санкция беруі енгізілді, прокуратура мен соттың тергеу жүргізу мүмкіндігіне конституциялық тыйым алып тасталды.
      Жүргізілген реформа осылайша мемлекет пен қоғам институттарын одан әрі демократияландыруға бағытталған. Конституцияда танылған осы жүйелі шешімдердің барлығы Қазақстан Республикасының ағымдағы заңнамасында одан әрі іске асуға тиіс.
      Норма түзушілік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы заңнаманы жүйелеу, заңнама салалары бөлігінде одан әрі топтастыру; оны ескірген және қайталама нормалардан арылту, құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толықтыру, қолданыстағы құқықтағы ішкі қайшылықтарды жою; заңдардағы сілтеме нормаларды азайту және Конституцияға сәйкес заңнамалық актілер қабылдана алатын мәселелер тобы шеңберінде тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау практикасын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
      Құқық шығармашылығы қызметін құқық салаларының және құқықтық жүйенің даму үрдістеріне ұдайы мониторингке, нормативтік құқықтық актілерді қолдану практикасын талдауға негізделетін болжамды-талдаулы қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу керек.
      Бұл реттеу мазмұны мен әдістері бойынша норма түзушілік және құқық қолдану қызметінің әрбір актінің - оны әзірлеу, қабылдау, қолдану, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, күші жойылды деп тану не жаңа акт әзірлеу жөніндегі барлық кезеңін айқын көрсететін қазіргі заманғы жүйе жасауға мүмкіндік береді.
      Осындай рәсімдер мен тетіктер арқылы мемлекеттік органдардың норма түзушілік қызметі оңтайланып, жүйеге түседі. Бұл ретте құқықтық мониторинг кезіндегі әлеуметтік әдістерді кең қолдану құқықтық саясатты жүзеге асыру барысында қоғамдық пікірді неғұрлым ескеруге мүмкіндік береді.
      Нормативтік құқықтық актілерді бағалаудың халықаралық стандарттары енгізілетін болады, бұл азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін неғұрлым толық ескеруге, құқық нормаларының тиімділігін, үнемділігін және ұтымдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Акт жобаларының ғылыми сараптамаларының барлық түрлерін олардың өлшемдерін, міндеттерін, сондай-ақ оларды жүргізу сатыларын анықтау арқылы нормативтік бекітудің маңызы зор. Сараптамаға нақ осындай көзқарас құқық шығармашылығы процесі барысында нормативтік құқықтық актілер қабылдаудың қаржы-экономикалық, әлеуметтік-саяси салдарын толықтай есепке алуға мүмкіндік береді.
      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларына да ғылыми сараптама енгізу қажеттігі туындауда.
      Осылайша, ғылыми сараптама жүйесін дамыту қоғам мен мемлекеттің қазіргі заманғы жай-күйі мен перспективаларына жауап беретін нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындау міндетін шешуге көмектеседі.
      Қазіргі уақытта құқықтық реттелуі кодекстермен жүзеге асырылуы тиіс заңнаманың 17 саласы заң деңгейінде анықталды.
      Сонымен қатар, кодификациялау - заңнаманы жүйелеудің жалғыз құралы емес. Басқа да құралдарды, мысалы, бір заңнамалық актіде белгілі бір қатынастарды реттейтін құқық нормаларын біріктіруді білдіретін, топтастыруды пайдаланған дұрыс.
      Осыған байланысты нысанасы кешенді сипаттағы құқықтық қатынастарды реттеу болатын "топтастырылған" немесе "кешенді" заң ұғымдарын енгізу және заңнамалық бекіту перспективті болып табылады.
      Кодификациялауға келсек, құқықты жүйелеудің осы жоғарғы нысанын таразылап және неғұрлым шектеулі түрде, негізінен, кодификациялаусыз тиімді құқықтық реттеуге қол жеткізу мүмкін болмайтын бір тектес қоғамдық қатынастар салаларында қалыптасқан құқық салаларына пайдалану керек.
      Кез келген кодекстің қабылдануына ауқымды норма түзушілік және құқық қолдану практикасы, оған мұқият мониторинг, талдау және бағалау, жүйелік негізге қойылған алғы шарт болуы тиіс. Құқық саласы кодификациялау деңгейіне дейін "пісіп-жетілуі" тиіс.
      Кез келген қоғамда әлеуметтік маңызды мүдделердің күрделі жүйесі болады. Мұндай мүдделерді іске асыру заң шығармашылығы процесіндегі ресми және бейресми мүдделік қолдау тетіктері арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты мүдделік қолдау тәрізді құбылысқа заңдылық ая беріп, соған сай заң жобаларын әзірлеуді, талқылауды және Парламенттің қабылдауын насихаттаумен байланысты қатынастарды регламенттеу қажет.
      Норма түзушілік қызметке жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың және жеке кәсіпкерліктің мүдделерін білдіретін бірлестіктердің өкілдерін кеңінен және тұрақты негізде тарту қажет.
      Нормативтік құқықтық актілердің сапасын және тұтастай алғанда мемлекеттік аппаратта құжаттармен жұмыс мәдениетінің деңгейін айқындайтын заң техникасының деңгейін тұрақты жетілдіру және арттыру қажет.
      Құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіру перспективалары көп жағдайда құқық шығармашылығы және құқық қолдану процесіне ақпараттық технологияларды кеңінен енгізумен байланысты.
      Осыған байланысты, "электрондық үкімет" инфрақұрылымының базалық құрамдас бөліктерін қалыптастыру, нормативтік құқықтық актілер дерекқорын жасау және тиімді енгізу мақсатында Нормативтік құқықтық актілердің электрондық форматтағы эталондық банкінің жұмыс істеуі ұтымды болып табылады. Сонымен бірге заңнамаға нормативтік құқықтық актінің электрондық түрін көздейтін ережелерді енгізу қажет, бұл ұлттық құқықты ақпараттандыруда маңызды қадам болады.
      Норма түзушіліктің қолданыстағы практикасын жетілдіру жөнінде бұдан әрі шаралар қажет.
      Заңдардың елде жүргізіліп жатқан өзгерістерге барабар мазмұны мен сапасы мемлекеттік билік институттарының тиімді қызмет етуі, биліктің заңнамалық және атқарушы салаларының сындарлы және серпінді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы қамтамасыз етілетін болады. Демек, қоғам дамуының қазіргі заманғы үрдістеріне, жинақталған тәжірибеге және Қазақстандық мемлекет пен қоғамның таяу және алыс перспективалары туралы ғылыми негізделген, іргелі ұсынымдарға сүйенген бірыңғай құқықтық саясат қажет.

 2. Ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттары

      Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық және басқа да шараларымен жүзеге асуы тиіс құқықтық идеялары мен принциптерін одан әрі іске асыру қажет.
      Мемлекеттік және қоғамдық институттардың күш-жігері елдің Негізгі заңының барлық конституциялық айқындамаларда қамтылған жасампаз әлеуетінің жүзеге асырылуы төңірегінде шоғырлануы тиіс.
      Заңнаманы жетілдіру процесінде және құқық қолдану қызметі барысында Конституцияның үстемдік принциптерін және төменгі деңгейдегі актілердің жоғары деңгейдегі актілердің нормаларына сәйкестігін бұлжытпай сақтау қажет.
      Елдегі заңдылық режимін және құқықтық жүйенің тұрақтылығын да, сонымен қоса қолданыстағы Конституция шеңберінде ұлттық құқықтың қарышты дамуын да қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қажет. Құқықтық саясатқа кешенді көзқарас барлық нормативтік-құқықтық базаны мемлекет дамуының жалпы стратегиясы тұрғысында, оның ішінде нәтижелілік, ашықтық және есептілік принциптерінде, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз ететін мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін жасау жөнінен жаңғыртуға мүмкіндік береді.

       2.1. Ұлттық құқықтық жүйенің негізі конституциялық құқық болып табылады. Оның қарыштап дамуы 2007 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде елеулі түрде жаңарған Қазақстанның қолданыстағы Конституцияның принциптері мен нормаларына сүйенеді.
      Еліміздің Негізгі заңында көрініс тапқан идеялар мен принциптер ұлттық құқықтық жүйенің негізгі бағыттары мен даму тетіктерін, оның ішінде конституциялық құқықты ұзақ мерзімді перспективада айқындайды. Яғни Конституцияның принциптері мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды адамдарының қызметінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституцияны тікелей қолданумен қатар ағымдағы заңнама және құқық қолдану арқылы оның әлеуетін қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады.
      Біздің мемлекетіміздің Конституциясында бекітілген Республика қызметінің түбегейлі принциптерін (бұл: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, барша халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу) сақтау мен іске асыру елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының негізі, мемлекеттің егемендігі мен бір тұтастығы конституциялық заңнаманы және оны қолдану практикасын жетілдіру арқылы нығаятын болады.
      Конституциялық құқықты дамыту перспективалары мемлекеттің құрылымын, мемлекеттік биліктің бір тұтастығын, оның тармақтарының жұмыс істеу тетіктерін және Қазақстан Республикасының бүкіл халықтық сайланған Президенті тарапынан стратегиялық басшылықпен, бақылаумен және төрелікпен олардың өзара іс-қимылын анықтайтын қолданыстағы конституциялық заңдарды жетілдірумен байланысты.
      Конституциялық заңдылық режимін, Конституцияның принциптері мен нормаларын нақты түсіндіру, ұлттық құқық пен құқық қолдану практикасын дамыту бағдарын қалыптастыруды қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі Конституциялық Кеңес қызметінің тиімділігін арттыру және мемлекеттің құқықтық саясатында оның нормативтік қаулыларын толығымен іс жүзіне асыру болып табылады.
      Елде құқықтық мемлекет принциптерін одан әрі бекіту процесінде, бір жағынан, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың ең жоғары ықтимал кепілдігіне қол жеткізу, ал екінші жағынан барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен ұйымдардың конституциялық міндеттерді бұлжытпай және толық орындауы маңызды.
      Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін біздің Конституция талап ететіндей, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қатыссыз құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік беретін жағдай жасау болып табылады.
      Осы орайда ұлттық келісімді сақтау мен нығайтуда, Қазақстанның көп ұлтты халқының бірлігін қамтамасыз етуде құқықтық тетіктердің рөлі арта түсетін болады.
      Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады, онда конфессияаралық татулық пен келісім салтанат құруда, дінге сенушілермен қатар атеистік көзқарасты ұстанатын азаматтардың да құқығы құрметтеледі. Мемлекет діни қызмет саласына араласпайды, алайда конфессиялармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қорғауы тиіс, ол үшін осы салада тиімді мемлекеттік саясат қалыптасуы тиіс.
      Діни сенім бостандығы туралы заңнаманы миссионерлік қызметті реттеу, діни өнімдерді тарату, діни бірлестіктерді тіркеу бөлігінде одан әрі жетілдіру, сақтау және біркелкі қолдану қажет.
      Қазіргі жағдайларда мемлекеттік және қоғамдық өмірде гендерлік теңдік, әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету факторы айтарлықтай рөлге ие болуда.
      Қазақстанның өмір сүру сапасының стандарттары жоғары, серпінді, қазіргі заманғы мемлекет ретінде қарышты да орнықты дамуы адами әлеуетті, азаматтардың іскерлігін жандандыру, азаматтық қоғам институттарын нығайту негізінде ғана мүмкін болады.
      Осыған байланысты азаматтық қоғам институттарының дамуына және азаматтық бастамаларды іске асыру мүмкіндігіне қосымша қарқын беретін құқықтық құралдар қажет.
      Үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін жетілдіру керек құқықтық реттеу тетіктері үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ерекшеліктерін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуді ескеруі тиіс.
      Ақпарат мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық реттеуді де жетілдіру қажет. Осы қызмет және оның құқықтық реттелуі тұтас алғанда кепілді сөз бостандығына, адамның жеке өміріне, жеке және отбасылық құпияларына, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу және өзге де алысқан хабарларының құпиясына қол сұғылмауына конституциялық құқықтарының сақталуын, сондай-ақ мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының сақтатуын ескере отырып заңда тыйым салынбаған тәсілдермен кез келген ақпаратты еркін алуға және таратуға бағытталуы тиіс.
      Азаматтық бастамаларды дамыту жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерімен тығыз байланысты. Мемлекет пен азаматтық қоғам тоғысындағы бұл институт өзін нығайту мен дамытуды талап етеді. Атап айтқанда, жинақталған тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару функцияларының аражігін ажыратып қана қоймай сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жергілікті маңызы бар мемлекеттік функцияларды іске асыруға кең ауқымда тарту қажет.
      Бұл ретте, мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың тиімді жүйесін жасау мақсатында осы жұмысты мемлекеттік биліктің әртүрлі деңгейлерінің арасындағы қызмет салаларының, функциялары мен жауапкершілігінің аражігін одан әрі ажыратумен бір мезгілде жүргізу қажет.

      2.2. Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін дамыту тиімді де жинақы мемлекеттік аппарат құруға жаңа басқару технологияларын енгізуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге бағытталған әкімшілік реформаны құқықтық қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Ал бұл - құқықтың әкімшілік тәрізді саласын реттеу аясы, оның маңызды міндеті - биліктің барлық деңгейінде мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Осыған байланысты мемлекеттік басқару саласындағы әкімшілік құқық:
      - мемлекеттік органдар арасындағы құзыретті ұтымды және нақты бөлуді қамтамасыз етуге;
      - нарықтық экономика жағдайында артық мемлекеттік реттеуді, оның ішінде бақылау-қадағалау функцияларын болдырмауға;
      - биліктің атқарушы тармағы органдарының мемлекеттік функцияларды іске асыруының шарты мен тәртібін регламенттеуге;
      - мемлекеттік басқару органдарының азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге және ұйымдастыруға бағытталуы тиіс.
      Сонымен қатар экономиканы мемлекеттік реттеудің рөлі артып отырған қазіргі жағдайда әкімшілік құқық мүмкіндіктерін кеңейту және оның реттеуші әлеуетін жаңа қоғамдық қатынастарға қолдану туралы сөз еткен жөн.
      ­кімшілік құқықты одан әрі дамыту кезінде, мүмкіндігіне қарай, мемлекеттің, азаматтардың және біржақты билік принциптеріне негізделген мемлекеттік емес ұйымдардың арасындағы қарым-қатынастардағы қалыптасқан дәстүрлі тәсілдерден бас тартқан жөн. "Билік және бағыну" принциптерінен толық көлемде бас тарту мүмкін емес, алайда әріптестік-жәрдемдесу, функционалдық-клиенттік, тікелей қорғау принциптерін қолдану аясын кеңейту керек.
      Осыған байланысты, тіркеу, рұқсат ету-лицензиялық рәсімдерді оңайлату, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына тосқауыл қою жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
      Азаматтардың мемлекеттік органдарға және мемлекеттің лауазымды тұлғаларына өтініш жасау тетіктерін, олардың мемлекетті басқаруға қатысуының және өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау тәсілдерінің нысандары ретінде жетілдіру керек, оның ішінде мемлекеттің "электрондық үкімет" арқылы ұсынатын қызметтер ауқымын кеңейту қажет.
      Сонымен бірге азаматтардың мемлекеттік емес ұйымдарға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оның ішінде қарау мерзімін сақтау, ұйымдар мен олардың лауазымды тұлғаларының өз қызметтерін тұтынушылардың өтініштерін қараудағы жауапкершілігін белгілеу мәселелері бойынша өтініштерімен байланысты қатынастарды реттеу қажет.
      Осылайша, әкімшілік құқық қазіргі жағдайда мемлекеттік-билік қатынастарының ғана саласын қамтымайды. ­кімшілік құқық аясында мемлекеттік мекемелердің азаматтармен және ұйымдармен жариялы, яғни мемлекеттік қызметтерді ұсыну кезіндегі қатынастары да бар. Бұл ретте мемлекеттік қызметтердің құқықтық табиғатты Конституциялық Кеңестің тиісті шешімінде атап өткендей әдеттегі мемлекеттік функциялардан өзгеше.
      Іс жүзінде азаматтарға және ұйымдарға мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қатынасты реттейтін әкімшілік құқықтың жаңа институты туындайды. Бұл институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тиісті құқықтық негіз керек.
      Барабар әкімшілік-құқықтық реттеу мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандарттарын толыққанды енгізуді талап етеді. Мемлекеттік қызметтер тізілімін кеңейту, жаңа технологияларды пайдалана отырып, олардың орындалуына тиімді сыртқы бақылау енгізу қажет.
      ­кімшілік құқықты дамытуды билік пен бағыныстың дәстүрлі сатылас қатынасы арқылы ғана емес, әрі әлеуметтік, көбінесе әр бағыттағы мүдделер, арнасы арқылы да қарастыру қажет.
      ­кімшілік құқықтың көмегімен азаматтар мен ұйымдардың мемлекет кепілдік берген құқығы іске асырылады, өйткені осы құқықтарды қамтамасыз ету мен қорғау мемлекеттің жариялы мүддесі болып табылады.
      Бұл ретте әкімшілік құқық субъектілері (органдар және мемлекеттің лауазымды адамдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары) жариялы мүддені жеткізуші болып табылады, олардың міндеті азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және іске асыру.
      Басқаша айтқанда, азаматтар мен ұйымдардың жариялы мүдде дәрежесіне көтерілген құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және іске асыру, әкімшілік құқықтың құқық қорғау функцияларының қазіргі заманғы мазмұны деген сөз.
      Қоғамдық өмірдің көптеген күрделілігіне негізделген қазіргі жағдайда, аралас қатынастар жиі туындайды, соған байланысты әкімшілік құқық әрекетінің шегінің мәселелерін, оның құқықтың басқа салаларымен және ең алдымен әкімшілік құқықтың азаматтық құқықпен аралас (әкімшілік-азаматтық) құқықтық қатынастар туындаған кезіндегі арақатынасы мәселелерін шешу қажет.
      Мемлекеттік органдарды бақылау мен қадағалау бір жағынан мемлекеттік басқару функциялары және екінші жағынан заңдылықты қамтамасыз ету тәсілдері бола отырып, әкімшілік құқықтың өзекті мәселесі болып қала береді.
      Конституциялық Кеңестің тиісті қаулысымен мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау өкілеттіктерінің арақатынасы туралы мәселе шешілді. Бұл ретте, біздің елде мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде оларға бақылау және қадағалау өкілеттіктерін беруде конституциялық шектеулер жоқтығы расталды. Яғни, қадағалау өкілеттігі прокуратурадан басқа, өзге де мемлекеттік органдарға жүктелуі мүмкін.
      Осылайша, прокурорлық қадағалаумен қатар атқарушы биліктің уәкілетті лауазымды тұлғаларының заңда көзделген әкімшілік мәжбүрлеу шаралары жағдайларын қолдана отырып, бағынысты емес субъектілерге - азаматтар мен ұйымдарға қатысты жүзеге асыратын, әкімшілік заңнамамен реттелетін қызмет салаларындағы заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету мақсатындағы әкімшілік қадағалаудың болуы заңдылық.
      Яғни азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтау кезіндегі әкімшілік қадағалаудың міндеті әкімшілік құқықтық режимді сақтауды қамтамасыз ету.
      Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдірудің перспективалы бағыттары:
      - бақылау-қадағалау органдарының жүйесін оңтайландырумен;
      - кәсіпкерлерге ғана емес, сонымен қатар құқықтың басқа да субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау өкілеттіктерінің ауқымын реттеумен және қысқартумен;
      - әкімшілік-қадағалау қызметін құқықтық реттеу деңгейін арттырумен байланысты.
      Мемлекеттік қызмет саласындағы қатынастар да әкімшілік құқықты реттеудің нысаны болып табылады. Оның дамуының басым бағыттар ретінде:
      - мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметтің аражігін неғұрлым нақты ажырату;
      - мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқарудың жаңа институттарын қалыптастыру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту;
      - мемлекеттік қызметке кәсіби және жеке сипаттары негізінде іріктеудің жаңа әдістерін енгізу;
      - еңбекке ақы төлеудің және ынталандырудың жаңа принциптерін енгізу;
      - мемлекеттік қызметшілердің түпкілікті нәтижеге бағдарланған қызметін бағалаудың қазіргі заманғы жүйесін енгізу күтіледі.
      ­кімшілік құқықтың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі даму перспективасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы жаңартумен байланысты, негізінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы тікелей қолданыстағы мәнін, мазмұнын анықтайтын және заңдарды қолданумен конституциялық нормаларды тану жатуға тиіс - әкімшілік-деликтілік құқық болып табылады.
      ­кімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнама бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, әкімшілік-құқықтық шаралармен қоғамдағы құқықтық жанжалдардың алдын алуға барынша бағытталуы тиіс. Бұл ретте әкімшілік-құқықтық санкцияларды қалыптастыру кезінде олардың қоғамдық қауіптілік деңгейі мен құқық бұзушылық сипатына сәйкестік принципі мүлтіксіз сақталуы тиіс.
      ­кімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау жөнінде сот және соттан тыс инстанциялар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратудың яғни әкімшілік істерді сотта және соттан тыс қарау тәртібі арақатынасының нақты тұжырымдамасын айқындаған жөн. Бұл ретте соттың әкімшілік жаза қолдану жөніндегі өкілеттігін кеңейту мүмкіндігі, сондай-ақ әкімшілік сот өндірісіндегі жарыспалылық қағидатын дамыту туралы тезис өзекті күйінде қала береді.
      ­кімшілік-деликтілік құқық үшін әкімшілік-деликтілік заңнамамен қорғалатын құқықтық қатынастар ауқымын неғұрлым нақты анықтау және тиісінше әкімшілік-құқықтық және қылмыстық-құқықтық санкциялардың аражігін нақты ажырату мәселелері өткір болып табылады.
      Тағы бір маңызды бағыт әкімшілік-іс жүргізу құқығын дамыту болып табылады, оның нәтижесі ­кімшілік-іс жүргізу кодексін қабылдау болар еді. Бұл ретте әкімшілік-іс жүргізу заңнамасының реттеудің нысанын нақты анықтау қажет. Бұл тұрғыда әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы нақты істерді шешу тәртібін заңнамалық регламенттеу мәселелері өзектілігін сақтайды.
      Сондай-ақ әкімшілік-іс жүргізу құқығын дамытумен байланысты мемлекет пен азамат (ұйым) арасында жариялы-құқықтық қатынастардан туындаған құқық туралы дауды шешетін әкімшілік әділет мәселесін қараған жөн. Яғни, іс жүргізу оқшаулау мен жариялы-құқықтық сипаттағы жанжалдарды шешу тәртібінің заңдылығы мәселелері қаралуға жатады.
      Осылайша, әкімшілік сот ісін жүргізу қылмыстық және азаматтық іс жүргізумен қатар сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды нысаны болуы тиіс.

       2.3. Салық заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді.
       Дамыған, айқын салық заңнамасы - қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, отандық және шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал ететін аса маңызды шарттардың бірі. Осыған байланысты салық заңнамасы елдің индустриялық-инновациялық стратегиясымен тікелей байланысты болуы тиіс: ол шикізаттық емес секторларды дамытуға және елде жаңа технологияларды енгізуге көмектесуі тиіс.
      Салық ауыртпалығын азайту жалпы әлемдік үрдіс болып табылады. Салық заңнамасын жетілдіру кезінде салық салу жүйесін жасаудың жалпыға танымал мынадай принциптеріне негізделген алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені пайдаланған дұрыс:
      салықтар мүмкіндігінше аз болуы тиіс;
      оларды алуға жұмсалған шығындар да неғұрлым аз болуы тиіс;
      салық бәсекелестікке кедергі болмауы тиіс;
      салық мемлекеттің экономикалық саладағы құрылымдық саясатына сәйкес болуы тиіс;
      салық кірістерді әділ бөлуге бағытталуы тиіс;
      салық жүйесі қосарланған салық салуға жол бермеуі тиіс.
      "Бас" компания өзара байланысты бір топ кәсіпорындар атынан бір немесе бірнеше салықты төлейтін және осындай өзара байланысты кәсіпорындар тобы осы салық бойынша бірыңғай салық төлеуші ретінде қаралатын шоғырландырылған салық сату институтын енгізу мүмкіндігі туралы мәселені ойластырған жөн.
      Салық есептілігін оңайлату, жекелеген салық түрлерін реформалау салық төлеушілердің жекелеген санаттарын салық жағынан ынталандыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
      Кеден заңнамасы кедендік ережелер мен рәсімдерде халықаралық сауданы және алмасуды дамытуға кедергі келтіретін алшақтылықтарды жою мақсатында кедендік рәсімдерді оңайлату және үйлесімді ету бағытында дамуы, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты ынталандыруы қажет.
      Артық әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында кедендік ережелер мен рәсімдерді тұрақты жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру; кедендік ережелер мен рәсімдерді қолдану кезінде болжамдылықты, дәйектілікті және ашықтықты қамтамасыз ету қажет; мүдделі тараптарға барлық қажетті ақпарат берілуі тиіс; кедендік әкімшілік етудің тәуекелдерді басқару негізінде бақылау және аудит әдістері секілді қазіргі заманғы әдістерді қолдану; ақпараттық технологияларды барынша пайдалану; халықаралық кедендік стандарттарды енгізу қажет.
      Ұлттық құқықтың негізгі міндеттердің бірі мемлекеттік қаржы  бақылау жүйесін жаңғыртуды қамтамасыз ету болып табылады, өйткені мемлекеттің қаржы саласындағы бақылау қызметі ғана мемлекеттік активтерді және ең алдымен қаржы ресурстарын басқару процесінің тиімділігін қамтамасыз ететін пәрменді құралдарының бірі болып табылады. Бұл ретте мемлекеттік қаржы бақылау органдары қызметінің құқықтық, оның ішінде іс жүргізу негіздерін нығайту қажет.
      Табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар саласындағы тиімді мемлекеттік саясат көп жағдайда реттелетін табиғи монополиялар субъектілерінің қаржы шаруашылық қызметін ынталандыруға, осындай субъектілердің активтеріне күрделі (инвестициялық) салымдарды арттыру үшін жағдай жасауға, оларды өнімділікті арттыруға және шығындарды азайтуға ынталандыруға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы тиіс нормативтік құқықтық базаның жағдайына байланысты болады.
      Сонымен бірге мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылау негіздерін, сондай-ақ адал бәсекелестікті мемлекеттік қорғау мен қолдаудың негіздерін айқындайтын құқықтық базаны жетілдіру қажет.

      2.4. Қазақстанның азаматтық құқығы өз дамуының бірнеше кезеңінен өтті. Республиканың ауқымды кодификацияланған актісі болып табылатын қазіргі Азаматтық кодекс осы заманғы азаматтық құқық идеяларын қамтиды. Кодекс тауар-ақша қатынастарын реттеудің: меншік нысандарының теңдігі және оған қол сұғылмаушылық, шарттың еркіндігі, азаматтық айналым субъектілерінің теңдігі тәрізді негізгі принциптерін қалады. Азаматтық кодекс негізінде нарық экономикасын дамытуға жағдай жасаған заңдардың негізгі пакеті жасалды.
      Азаматтық құқықтың дамуының қазіргі кезеңінде қоғамдық қатынастарды реттеудің жариялы-құқықтық және жекеше-құқықтық әдістерінің арақатысы проблемасы және осыдан туындайтын жеке кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуының шегі алдыңғы қатарға шығады.
      Жариялы-құқықтық және жекеше-құқықтық мүдделерді ескере, бұл ретте ұлттық қауіпсіздік мәселелерін қозғайтын қатынастар жариялы-құқықтық қатынастар саласына жататынын және шарттық-құқықтық әдістермен реттеле алмайтынын анықтай отырып азаматтық құқық пен құқықтың басқа да салалары арасындағы арақатынасты оңтайландыру қажет.
      Іске қатысушы адамдардың өздерінің материалдық және іс жүргізу құқықтарына өз қалауы бойынша иелік ету мүмкіндігін білдіретін дипозитивтік принципті қолдануды кеңейту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл ретте дипозитивтік принципті қолдану жариялы мүддені қозғайтын азаматтық-құқықтық қатынастарға қолданылмауға тиіс.
      "Құқықтан бас тарту" және "құқықты жүзеге асырудан бас тарту" ұғымдарын нормативтік айқындау және бас тартудың әрбір түрінің салдары туралы мәселе қарауды талап етеді. Бұл азаматтық құқық субъектілігі мәселелерін шешу үшін маңызды.
      Жариялы мүдделерді не осындай әрекеттерге тікелей қатыспайтын үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғайтын коммерциялық қатынастар қатысушыларының келісілген әрекеттерінің құқықтық маңызы өзекті проблемалардың бірі болып табылады.
      Афилиирленген мәмілелердің жалпы ұғымын, бұл ретте оған тыйым салынбайтыны, алайда заңда белгіленген жағдайларда алдын ала тексеруге жататынына назар аудара отырып айқындау маңызды. Афилиирлену фактісін белгілеу заңды мүдделері осындай мәмілемен бұзылатын тұлғаның талабы бойынша мәмілелерді заңсыз деп тану мүмкіндігі үшін негіз болуы тиіс.
      Акционерлік қоғамдардың мәртебесін олардың құқықтық табиғатын және шешетін мәселелерінің кешенділігі, оның ішінде "жариялы корпорациялар" деп аталатындар тұрғысында қарау талап етіледі. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанын коммерциялық емес ұйым ретінде пайдалану мүмкіндігі туралы мәселені тұжырымдамалық тұрғыдан шешу қажет.
      Азаматтық айналымға қатысушы бағалы қағаздардың барлығын Азаматтық кодексте бекіту мәселесін де қарастыру қажет.
      Азаматтық-құқықтық нормаларды қолдану тәжірибесі азаматтық құқықтарды бұзудан келген шығындардың құрамдас түрлерін мейлінше толық анықтай бермейтінін көрсетеді. Осыған байланысты іс жүзінде келген зиянды анықтау тәртібін бекіту өзекті болып табылады.
      Мәмілелерді жарамсыз деп тану институты жетілдіруді талап етеді.
      Затты сатып алушы мәміле бойынша адал болып табылса және заңда көзделген жағдайларда осы зат талап етіле алмайтын болса, мәміленің жарамсыз деп танылу кезінде екіжақты реституцияны қолдану жайын тұжырымдамалық анықтау қажет.
      Осылайша, мәмілелер ұғымын, олардың құрамы мен мәмілелер орындалмауының салдарларын анықтау қажет.
      Азаматтық құқық әдістері арқылы үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері нәтижесінде жылжымайтын мүлікке құқығынан айырылған мүлік иеленуші мен адал сатып алушы мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету керек.
      Тәжірибе мүліктік құқықтар түрлерін заңнамалық кеңейту, бұл ретте оларға сервитут ұғымын енгізу қажеттігін көрсетеді.
      Сонымен қатар мүліктік құқықтар пайда болуының негіздерін кеңейту мәселесін қарастыру қажет. Бұл жерде мүліктік құқықтың құрамын ғана емес, сонымен бірге олардың жекелеген түрлерін пайдалану режимін анықтау қажет болады.
      Мемлекеттің азаматтық-құқықтық қатынастарына қатысу және халықаралық талаптарға сай келетін, мемлекеттің жариялылық функцияларын жүзеге асыру саласындағы өзінің иммунитетін сақтаумен қатар жекеше-құқықтық қатынастар аясындағы иммунитеттен бас тарту мәселелері одан әрі пысықтауды қажет етеді.
      Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында агенттердің азаматтық құқық субъектілері қатарына енгізу тиімділігін қарастыру және мүліктік айналымда кең қолданылатын шарт институты ретінде агенттік келісім мәселелерін регламенттеуі қажет.
      Азаматтық кодекстің міндеттемелер туралы жалпы және жеке нормаларын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау қажет.
      Зияткерлік меншік құқығын айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді ұлттық мүдделерді ескере отырып, осы саладағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге баса назар аудару қажет.
      Сонымен қатар банкроттық, әсіресе, дара кәсіпкерлер банкроттығы рәсімдерін құқықтық реттеу жетілдіруді қажет етеді.

      2.5. Қаржы заңнамасы отандық қаржы нарығының дамуы мен жұмыс істеуі үшін қолайлы орта жасауды, қаржылық қызметті тұтынушылардың құқықтары қорғалуын қамтамасыз етуге, қаржы ұйымдары қызметіне тең құқылы жағдай жасауға және қаржы нарығында адал бәсекелестікті қолдауға ықпал етуге тиіс.
      Бұл ретте, әлемдік, сондай-ақ отандық экономиканың даму үрдістерін ескере отырып, қаржы заңнамасының басымдығы банктердің қаржылық тұрақтылығының мониторингіне, ықтимал тәуекелдерді бағалауға, икемді реттеу режимін қалыптастыруға, банктер қызметіндегі проблемалық мәселелерге жедел әрекет етуге, сондай-ақ қаржы ұйымдарына қадағалау жүйесін әлемдік стандарттарға барынша жақындатумен байланысты болуы керек.
      Құнды қағаздар нарығын құқықтық реттеу ұлттық құнды қағаздар нарығы бәсекелестігінің артуына және одан әрі дамуына оның қатысушыларына қолайлы жағдайлар жасауға, эмитенттер базасы мен қаржы құралдары қатарының ұлғаюына инвесторлық базаны дамыту мен инвесторлар мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталады.
      Ұжымдық инвестициялау схемаларын дамытуды қолдау мақсатына, инвестициялық қорлардың пайлары мен акцияларын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етумен бірге, инвестициялық қорлардың қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру керек.
      Құнды қағаздар нарығын дамытудың және инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалуын қамтамасыз етудің басқа маңызды аспектісі, тұрақты және ашық жұмыс істейтін ұйымдасқан құнды қағаздар нарығын құру болып табылады.
      Заңнама отандық қаржы нарығының жұмыс істеуі мен дамуына, қаржылық қызметті тұтынушылардың құқықтары қорғалуына қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және қаржы нарығындағы адал бәсекелестікті қолдауға бағытталған.
      Елде міндетті және ерікті сақтандырудың заманға сай жүйесі қалыптасып, жұмыс істеуде, сақтандыру қызметтерінің толыққанды нарығы орнықты. Сонымен қатар, аталған нарықтың ғаламдық тұрғыда дамуы әлемдік тәжірибеде қалыптасқан сақтандыру жүйелері мен отандық құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып, ұлттық деңгейде барабар құқықтық реттеуді талап етеді. Электрондық сауда-саттықтың қарқынды дамуы жағдайында сақтандыру жүйесіндегі құқықтық мәселелерді шешу шеңберінде Интернет-сақтандыруды дамытуға және оны нормативтік-құқықтық регламенттеуге деген қажеттілік бар.
      Бағалау қызметі құқықтық реттелуі ұдайы көңіл аударуды және жетілдіруді талап ететін нарықтық экономика құралдарын маңыздысы болып табылады.
      Осыған байланысты:
      мемлекеттік бағалау стандарттарын белгілеуге;
      бағалау қызметін халықаралық талаптарға сәйкес келтіруге;
      мемлекеттік реттеу жүйесі мен бағалау қызметін өзін-өзі реттеуді жетілдіруге бағытталған кешенді ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар қажет.

      2.6. Қазақстанның Конституциясында әлеуметтік мемлекетті құрудың негізгі құқықтары мен принциптері бекітілген. Бұл орайда негізгі міндеттердің бірі әлеуметтік құқықтарды қамтамасыз ету мен қазіргі әлеуметтік саясатты іске асырудың ықпалды тетіктерін одан әрі қалыптастыру болып табылады.
      Мемлекеттің кешенді, көпсалалы сипаттағы әлеуметтік-құқықтық саясаты әлеуметтік маңызы бар проблемалардың кең ауқымын шешуге бағытталған. Оған, атап айтқанда, білім беру және денсаулық сақтауды, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мен әлеуметтік қорғауды, қоршаған ортаны қорғауды және төтенше жағдайларға жол бермеуді құқықтық реттеу жатады.
      Нарықтық экономика жағдайында еңбек нарығының және халықтың жұмыспен қамту проблемаларының болуы еңбектің құқықтық қатынастарының өзекті мәселесі болып табылады. Осыған байланысты еңбек заңнамасын жүйелі талдау негізінде оның қолданылу практикасын жүйелі талдау әрі осы саладағы халықаралық тәжірибені ескеру қажет.
      Бұл ретте еңбек қызметінің және еңбеккерлердің еңбек жағдайының сипатына байланысты еңбек және әлеуметтік заңнаманы одан әрі саралау мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің құралдары мен қолдану саласын кеңейту мәселелері пысықтауды талап етеді.
      ­леуметтік саладағы заңнама мемлекеттің әлеуметтік саясаты басымдықтарының серпінін, мемлекет беретін әлеуметтік игіліктердің тізбесі мен негіздерін кеңейту, әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған қаржы көздерін айқындауда азаматтардың қатысуының жаңа нысанын жасауды есепке ала отырып, ұшқыр болуы тиіс. ­леуметтік қорғау мен әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі осы саладағы іркіліссіз норма түзушілік процесін көздейтін мемлекеттің қаржылық мүмкіндігінің өсуіне байланысты жүйелі түзетілетін болады.
      ­леуметтік заңнаманы дамытудың перспектикалық бағыттарының бірі: зейнетақы активтерін орналастыру кезінде қолда бар қаржы құралдарын пайдалану және жаңаларын жасау; азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде әлеуметтік төлемдер күн көрудің жалғыз көзі болып табылатын адамдар үшін әлеуметтік қорғаудың жүйесін жетілдіру болып табылады.
      Бірқатар өңірлерде экологиялық қиын жағдай орын алған біздің ел үшін ең өзекті мәселе табиғат қорғау заңнамасын, оның ішінде халықаралық міндеттемелер мен стандарттарға оны үйлестіру тұрғысында одан әрі жетілдіру мен дамыту болып табылады.
      Табиғатты қорғау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында табиғи ресурстарды пайдалану және оларды қорғауды құқықтық реттеу тетіктерінің нақты аражігін ажырату керек.
      Табиғатты қорғау заңнамасы табиғатты тиімді пайдалануды және экологиялық нормативтерді сақтауды, экологиялық таза өндірістерді дамыту мен азаматтардың қауіпсіз жүріп-тұруын дамытуды ынталандыруға тиіс.
      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік актілерді жетілдіруді және топтастыруды талап етеді, бұл сол қоғамдық қатынастардың осы салаларда құқықтық реттелу сапасы мен деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

      2.7. Азаматтық-іс жүргізу құқығы сот төрелігінің қолжетімділігін, азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыруды қамтамасыз етуге, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам және мемлекет мүдделерін уақтылы қорғау және қалпына келтіруге арналған.
      Осы мақсатта азаматтық іс жүргізуді жетілдіру жөніндегі шаралар:
      1) азаматтарға сот қорғауында өз құқықтарын неғұрлым толық жүзеге асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін сот төрелігін қамтамасыз етудің жолдары мен тәсілдерін айқындауға;
      2) әділдік, бейтараптық принциптерін нормативтік құқықтық орнықтыруға, жарыспалылық принциптерінің қолданысын ұлғайтуға, сондай-ақ азаматтық істер бойынша сотта істі қараудың үзіліссіз принципін қалыптастыруға;
      3) соттылықты айқындаудың айрықша субъектілік принципінен субъектілік-пәндік принципіне өтудің негізінде, яғни сот ісі ауқымына тартылған субъектілердің санаттарын ескере отырып, мамандандырылған соттар істерінің соттылығын және құқықтық қатынастың сипатына қарай айқындау;
      4) азаматтық сот ісінің жеңілдетілген тәртібінің саласын, оның ішінде бұйрық өндірісін қолдану саласын кеңейту жолымен, сондай-ақ мамандандырылған соттарға соттылығы тиесілі істер бойынша сот ісін жеңілдету арқылы одан әрі кеңейтуге;
      5) азаматтық істерді жедел қарап шешуді қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына істерді дайындау сатысын оңтайландыруға;
      6) істі түпкілікті шешуді жеңілдету мен сот актілеріне шағымдану құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында соттың іс бойынша жаңа шешім қабылдау (істі мәні бойынша қайта қарау) жөніндегі жүгіну сатысындағы өкілеттіктерін іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге;
      7) азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізудің басы артық көріністерін, оның ішінде сот шешімінің түрлері, құрылымы мен мазмұнына қатысты алып тастауға;
      8) жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасындағы бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен, сондай-ақ соттан тыс тәртіптегі жолдары мен тәсілдерін, оның ішінде істі сот талқылауына дайындаған кезде келіспеушілік рәсімдері шараларын пайдалану мүмкіндігін талқылаудың міндеттілігін бекітуге, сондай-ақ азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуға бағытталуы мүмкін.

      2.8. Мемлекеттің құқықтық саясатының маңызды буыны қылмыстық саясат болып табылады, оны жетілдіру қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару құқығын, сондай-ақ құқықта қолдануды кешенді, өзара байланыста түзету арқылы жүзеге асырылады.
      Қылмыстық құқықтың қазіргі жай-күйін бағалай отырып, тұтас алғанда оны серпінді дамыту қамтамасыз етілді деуге болады. Қолданыстағы Қылмыстық кодекс - қылмысқа қарсы күрестің, адамның құқықтары мен бостандықтарының, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қылмыстық-құқықтық қорғаудың жеткілікті пәрменді құралы.
      Қылмыстық құқықты одан әрі дамыту, бұрынғыдай қылмыстық саясаттың қос векторлығын ескере отырып жүргізілуге тиіс. Ізгілендіру - ең бастысы, алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтары - жүкті және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты болуға тиіс. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға кінәлі, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүрген адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстар кәнігілігі кезінде қатал қылмыстық саясатты алдағы уақытта да жүргізу қажет.
      Қылмыстық құқықты дамытудың маңызды бағыты, ең алдымен аса қоғамдық қауіп тудырмайтын адамдарға (абайсызда қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмаған адамдар, өзге де адамдарға - жазаны жеңілдететін мән-жайлар) қатысты қылмыстық жазалаудан босатудың шарттарын кеңейту арқылы қылмыстық қуғын-сүргінді қолдану аясын кезең-кезеңмен қысқарту мүмкіндігін айқындау болып табылады.
      Қылмыстық заңды Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен сәйкес келтіру маңызды болып табылады. Бұл арада, атап айтқанда, сөз қылмыстық сипаттан арылту ғана емес, керісінше кейбір құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлеріне қылмыстық сипат беру, сондай-ақ қылмыстардың кейбір санаттары үшін, атап айтқанда экологиялық, экономикалық және сыбайластық қылмыстары үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу туралы болып отыр.
      Осылайша, мемлекеттің қылмыстық саясаты:
      аса қоғамдық қауіп туғызбайтын құқық бұзушылықтарды әкімшілік құқық бұзушылық санатына ауыстыра отырып және оны жасағаны үшін әкімшілік жауаптылықты күшейте отырып, қылмыстық сипаттан арылтуға, сондай-ақ жекелеген қылмыстардың ауырлық дәрежесін жазаны жеңілдету арқылы (депенализация) қайта бағалауға;
      кәмелеттік жасқа толмағандарға, олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қауіп төндіретін қылмыстарға, ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық құрамында қылмыс жасағаны, қылмыстар кәнігілігі кезінде қылмыстық жауаптылықты байланысты күшейтуге;
      бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазалауды қолдану саласын кеңейтуге, оның ішінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазалауларды жекелеген санкциялардан алып тастауға не бас бостандығынан айырудың ұзақ мерзімін азайтуға;
      айыппұл салуды қылмыстық жазалаудың тиімді түрі ретінде айқындауға және оның қолдануды кеңейту мүмкіндігіне;
      санкциялардағы жазалаулардың Қылмыстық кодекстің баптарында ауырлығы бір санаттағы қылмыстарға парапарлығын және олардың әділ жазалау қағидатына сәйкестігін белгілеуге;
      қылмыстық жазалаудың баламасы мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын енгізуге;
      өлім жазасын қолдану аясын кезең-кезеңмен тарылту бағытын жалғастыруға;
      қылмыстық жауаптылықтан босату, жазасын өтеу, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату институттарын жетілдіруге бағытталуға тиіс.
      Қылмыстық құқықты одан әрі жетілдіру адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заңдардың сапасын арттыруға байланысты, ол заң тұрғысынан дәл әрі оның салдарларының болжамды болуы талаптарына сәйкес келуі тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде нақты тұжырымдалуы және құқықтық іс-әрекетті құқыққа қайшы іс-әрекеттен айыруға мүмкіндік беретін ұғымды өлшемдерге негізделген болуы тиіс, бұл ретте заң қағидаларын өз бетінше түсіндіру мүмкіндігін болдырмау қажет.

      2.9. Қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделі жасалмайынша мемлекеттің қылмыстық саясаты тиімді болмақ емес. Сондықтан қылмыстық-іс жүргізу құқығын дамыту перспективалары туралы айтқанда, Республиканың қолданыстағы Қылмыстық-іс жүргізу кодексі негізінен қылмыстық әділет жүйесін қазіргі уақыттағы демократиялық, құқықтық мемлекеттің сипаттарына сәйкес келтіргенін атап өткен жөн. Заң шығарушының басты мақсаты тікелей қолданылатын, заңдардың мәнін, мазмұнын және қолданылуын айқындайтын және әділ сотпен қамтамасыз ететін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық нормаларды тануға негізделген қылмыстық іс жүргізу заңын қалыптастыру болатын.
      Сол себепті қылмыстық-іс жүргізу құқығын дамытудың басымдығы қылмыстық сот ісінің адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған негізін қалаушы қағидаттарын дәйекті түрде одан әрі іске асыру болып қала бермек.
      Бұл үшін қылмыстарды, жылдам әрі толық ашу, қылмыс жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды тиісінше қолдану мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын және жедел-іздестіру қызметі туралы заңнаманы тиімді қолдануды көздейтін оңтайлы құқықтық тетіктерді әзірлеу талап етіледі.
      Қылмыстық істер бойынша іс жүргізудің заңмен белгіленген тәртібі - негізсіз айыптау мен соттаудан, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеулерден мүлтіксіз қорғауды қамтамасыз етуге, кінәсіз адамды заңсыз айыптаған немесе соттаған жағдайда оны тез арада және толығымен оңалтуға, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртібінің нығаюына, қылмыстың алдын алуға, құқыққа құрметпен қарауды қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.
      Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырған кезде заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақталуы маңызды міндет болып табылады. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін жүйені күшейту, адамның жеке өміріне қол сұқпауды, жедел іздестіру қызметінің құралдары мен әдістерін заңсыз пайдаланғаны үшін жауаптылықты қамтамасыз ету қажет.
      Қылмыстық процесте айыптаушы мен қорғаушы тараптарының бәсекелестігі принципін одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылдануы керек.
      Осылайша, қылмыстық іс жүргізу құқығын жетілдірудің негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:
      қылмыстық процесті жеңілдету және оның тиімділігін арттыру, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін оңайлату;
      тергеуге дейінгі тексерудің шегін айқындай отырып, оны заңнамалық регламенттеу;
      қамауға алуға балама бұлтартпау шараларын, оның ішінде кепілді қолдануды кеңейту үшін жағдай жасау;
      тараптардың келісуіне және келтірілген зиянның өтелуіне негізделген сот төрелігін қалпына келтірудің жаңа институттарын бірте-бірте енгізу;
      сотта олар бойынша қылмыстық қудалау және айыптау жеке, сондай-ақ жеке-жариялы тәртіппен жүзеге асырылатын қылмыстық істер санаттарын кеңейту мүмкіндігі;
      алқабилердің қатысуымен сот қарайтын қылмыстық істер санаттарын біртіндеп кеңейту;
      айыпталушылар мен күдіктілерге ғана емес, сонымен бірге жәбірленушілерге, куәлерге де қылмыстық істер бойынша білікті заң көмегін ұсыну тетігін одан әрі жетілдіру.

      2.10. Қылмыстық-атқару саласында мынадай шаралар кешенін қабылдау қажет.
      Қылмыстық әділет саласына азаматтарды тартуды азайту, қылмыстық қуғын-сүргін шараларын үнемдеу мақсатында қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды неғұрлым кеңінен қолдануға жағдай жасау қажет. Бұл ретте заңнамада және сот тәжірибесінде қылмыстық-құқықтық ықпал ету түрі мен шараларын таңдау ең алдымен, оның нақты бір тұлғаға қатысты неғұрлым ықтимал тиімділігі туралы деректер есебіне негізделетін тұжырымдар әзірленуге тиіс.
      Сонымен қатар соттардың бас бостандығынан айыруға балама шараларды неғұрлым белсенді қолдануы үшін олардың орындалу тиімділігін арттыру қажет, ол үшін осындай шаралардың орындалуына жауапты мамандандырылған органды институционалдық дамыту талап етіледі.
      Бас бостандығынан айыру қылмыстық жазалау түрінің әлі де болса негізгі түрі болып қалып отырғанын ескере отырып, жазалау жағы басым болып отырған бас бостандығынан айырудың тәрбиелік жағын күшейтетін шараларды қабылдау қажет. Атап айтқанда, жазаларды орындауды даралау принципі негізінде сотталғандарды ұстауды, оларға түзеу-тәрбиелік ықпал етудің түрлері мен әдістерін одан әрі дамыту қажет.
      Бас бостандығынан айырылғандарды қоғамдық пайдалы еңбекке және/немесе оқытуға, әлеуметке қосу, оның ішінде есірткіге қарсы, алкогольге қарсы мазмұндағы әлеуметтік бағдарламаларға тарту арқылы не әлеуметтік белсенді қызметтің өзге түрлерімен жұмыспен қамту проблемаларын шешу өзекті болып табылады.
      Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі тәртіпті сақтауға қойылатын жоғары талаптарды сақтаумен және қамтамасыз етумен қатар қылмыстық жазаларды орындау (өтеу) процесін психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесі персоналының мәртебесін арттыру және оларды әлеуметтік-құқықтық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту қажет.
      Бұлармен қоса, бас бостандығынан айыру орындары үшін жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазаның осы түрін өтеп жатқан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы маңызды болып табылады. Бұл саладағы неғұрлым перспективалы бағыттардың ішінде ұстаудың камералық тәртібіне біртіндеп көшіру қажет, бұл ретте сотталған адам күндізгі уақытта мекеме шегінде жүріп-тұру және жеке қарым-қатынас жасау мүмкіндігіне ие бола отырып, түнгі уақытта бөлек үй-жайға қамалады.
      Айыптыларды жазалау және олардың жазаларын өтеу кезеңіндегі құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы жөнінде қоғам мен мемлекет мүдделері арасындағы теңгермені сақтауға, дамуына баса назар аудару қажет болатын қоғамдық бақылаудың белгіленген тетіктері көмектеседі.
      Бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға медициналық қызмет көрсетудің, әсіресе қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдар ауруларының профилактикасы жүйесінің сапасын арттыру да маңызды болып табылады.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды толыққанды қоғам мүшесі ретінде әлеуметке қосу аясындағы тұтас мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шаралар қажет.
      Жалпы алғанда қылмыстық жазаларды атқару жүйесін жалпыға бірдей халықаралық стандарттарға одан әрі жақындата беру керек.

3.Құқық қорғау мен сот жүйелерін және құқық қорғау институттарын дамытудың негізгі бағыттары

      3.1. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары ішінде демократиялық және құқықтық мемлекеттің сұранысына сай келетін құқық қорғау жүйесі қалыптасып, тұтас алғанда тиімді жұмыс істеп келеді.
      Сонымен қатар мемлекеттің құқық қорғау қызметі одан әрі дамытуды және жетілдіруді талап етеді. Осыған байланысты бұл қызметтегі басты басымдық мыналар болуға тиіс: қылмысқа қарсы күрес, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау, мемлекеттің кез келген құқық бұзушылыққа жауап әрекетінің бұлтартпаушылығын қамтамасыз ету, қылмыстарды жылдам әрі толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа қарсы күресте азаматтармен өзара іс-қимылдар жасасу.
      Осы міндеттерді шешу үшін құқық тәртібі органдарын нығайту, олардың жұмыстарының нысандары мен әдістерін жетілдіру ғана емес, сонымен қатар кадр саясатының тұрақтылығын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне талапты күшейту қажет.
      Еліміздің құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы прокуратура органдары болып табылады.
      Прокуратураның негізгі функциясы ретінде оның қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру қажет.
      Алдағы уақытта прокуратура органдары қызметінің іс жүргізу негіздері жетілдіруді қажет етеді. Осы жұмыс аясында сотқа дейінгі іс жүргізудегі прокурордың рөлі мен жауапкершілігін прокуратура жүзеге асыратын қылмыстық қудалау функциясының құрамдас бөлігі ретінде прокуратура органдарының қоғамға елеулі қауіп пен қиындық тудыратын қылмыстар туралы қылмыстық істерді тексеруі арқылы арттыру қажет.
      Прокуратура органдарының құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіру функциясының, оның ішінде осы функцияны тиісті құқықтық регламенттеу арқылы оның тиімділігін одан әрі арттыру керек.
      Ішкі істер органдарының басты міндеттері қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеке адамға, меншікке қарсы қылмыстарға және басқа да жалпы қылмыстарға қарсы күрес болып табылады. Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы, еліміздегі қылмыстың жай-күйі пен криминогендік жағдайдың деңгейі ішкі істер органдары қызметінің тиімділігіне байланысты, сондықтан ішкі істер органдарын жетілдіру процесі қылмыстық көріністер мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда олардың жылдам әрі барабар әрекет етуін қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс.
      Қаржы полициясы органдары экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өздеріне жүктелген міндеттерді орындай отырып, өз мақсатын толық көлемде орындауда.
      Сонымен қатар нарықтық экономика жағдайында қаржы полициясы органдарының қазіргі жағдайларда үнемі орын алып отырған экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа пәрменді қарсы тұру мүмкіндігі болуы үшін әрқашан жұмыс нысандары мен әдістерін жетілдіріп отыруы қажет. Қаржы полициясы экономикалық және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жүйелі негізде қарсы тұруы қажет, сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларын анықтап, жоюы керек. Қаржы полициясы органдарының негізгі міндеттерінің бірі бизнес қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның қызметіне негізсіз араласуды болдырмау болып табылады.
      Құқық қорғау органдарында неғұрлым тиімді ұйымдастырушылық-басқарушылық тетіктерді орнықтыру және тиісті функцияларды тиімді бөлу мақсатында олардың құрылымы мен функцияларын оңтайландыру қажет, осы орайда құқық қорғау органдарын оларға тиесілі емес функциялардан босату мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бұл ретте құқық қорғау органдарында әкімшілік реформа жүргізу кезінде қолданылатын шаралар олардың құқық қорғау әлеуетін төмендетуге, қылмысқа қарсы іс-әрекеттеріндегі мүмкіндіктерінің әлсіреуіне әкеп соқтырмас үшін олардың қызметінің өзгешеліктері мен ерекшеліктерін ескеру қажет.
      Құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін бірыңғай құқықтық стандарттар мен қызмет өткеру нормалары, оның ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына ұқсас арнайы біліктілік талаптары, құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудың конкурстық тәртібі қажет.
      Сонымен бір мезгілде осы органдардың алдына қойылған негізгі міндеттер мен функцияларды тікелей орындайтын әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінде әскери және арнайы атақтарды сақтай отырып, құқық қорғау органдарын қарусыздандырудың белгілі бір желісін кезең-кезеңімен жүргізу керек.
      Құқық қорғау органдарының тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында олардың қызметін сандық көрсеткіштер бойынша ғана емес, сонымен қатар сапалық параметрлері бойынша да бағалаудың өлшемдерін нақты айқындау қажет.
      Тергеу аппараты қызметінің тиімділігін арттыру және оларды ұйымдастыруды жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек, оның ішінде тергеушінің іс жүргізу мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау қажет.
      Учаскелік полиция инспекторларына өкілеттіктер беру және халықтың пікірі толығырақ ескерілетін аттестациялау тәртібі де жетілдіруді қажет етеді.
      Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, оның ішінде терроризмнің, нәсілдік және діни экстремизмнің таралуының, заңсыз көші-қонның, нашақорлық пен есірткі бизнесінің, адам саудасының, компьютерлік қылмыстардың, атыс қаруын заңсыз жасау мен оның айналымының, сыбайлас жемқорлық сипаттағы, сондай-ақ ақша жылыстату саласына жататын халықаралық қылмыстардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған құқықтық нормаларды уақтылы енгізу және дұрыс қолдану жөніндегі жұмыстарды да жалғастыру керек.
      Құқықтың маңызды міндеті - бұл ақпаратты қорғаудың ұлттық жүйесінің негіздерін, осы саладағы негізгі қауіп-қатерлерді, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы біртұтас мемлекеттік саясаттың іске асырылу тетіктерін айқындау.

      3.2. Қазақстанның сот жүйесі тұтас алғанда азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етудің қажеттіліктеріне сай келеді.
      Сот-құқық жүйесін дамыту сабақтастық және кезеңділік негізінде жүзеге асырылады және мынадай бағыттарды көздейді.
      Оны дамытудың негізгі арқауы соттар мен судьяларды мамандандыру, оның ішінде ювеналдық соттарды дамыту, қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құру болып табылады, келешекте салық және басқа да мамандандырылған соттар құрылуы мүмкін. Бұл ретте ювеналдық соттар елімізде құрылатын ювеналдық әділет жүйесінің орталық буыны болуы тиіс.
      Алдағы уақытта қазіргі әкімшілік соттар базасында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді жалпы құзырлы соттардың ведомстволық бағынысына беретін, жариялы-құқықтық дауларды қарайтын әкімшілік әділет жүйесін құру қажет.
      Сот жүйесінің жетілдіру нәтижесінде түрлі сот инстанциялары функцияларының қосарлануы жойылуға тиіс.
      Сот жүйесінің даму перспективасы сотқа дейінгі іс жүргізудегі сот бақылауының шегін кезең-кезеңімен кеңейту мүмкіндігімен де байланысты болмақ.
      Аралық және төрелік соттар жүйелері дамитын болады.
      Қоғам сот билігінің қызметін толық, объективті және бейтарап жария етілуіне мүдделі. Осы мақсатта халықтың сот қызметі туралы ақпаратқа барынша қол жеткізуін ұсыну арқылы сот жүйесінің ашықтығы мен айқындылығы деңгейін арттыру қажет.
      Сот ақпараттарын тіркеудің заманға сай құралдарын енгізу сот ісінде бәсекелестік принципін іске асыруға ықпал етеді. Сот жүйесін жоспарлы түрде ақпараттандыру сот төрелігін іске асыру процесінде жедел ақпараттық-құқықтық қолдауды қамтамасыз етуге, істерді қарау мерзімдерін қысқартуға, сот шешімінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
      Сот кадрларын іріктеу тәртібін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар қажет, бұл ретте судьялардың кәсібилігі мен биік адамгершілік қасиеттері - сапалы судьялар корпусын қалыптастырудың негізі болып табылатындықтан, судьяға үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптарын қатаңдату мәселесі өзекті болып табылады. Сот қауымдастығының өз тарапынан да судьялардың Судья әдебі кодексінің талаптарын сақтауына қатаң бақылау, жол берілген барлық жөнсіздіктерге барабар әрі шұғыл әрекет етуі қажет.
      Судья тәуелсіздігі кепілдіктерін орнықтыру үшін соттарды қаржыландыру және судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету "сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс" дейтін Конституция талаптарының толыққанды іске асырылуы маңызды мәселе болып қала беруде, бұл мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, судьялардың әлеуметтік қорғалуы және соттардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі деңгейін кезең-кезеңмен көтеруді көздейді.
      Сонымен қатар сот төрелігін іске асыруға араласқаны үшін, сотқа құрмет көрсетпегені үшін кінәлі адамдар заңда белгіленген жауапқа тартылуға тиіс.
      Сот ісін жүргізудің аяқтау сатысы сот актілерін орындау болып табылады, сондықтан олардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін шаралар қабылдануы қажет. Осыған байланысты мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар жеке сот орындаушыларының институтын енгізу - сот ісін жүргізудің тиімділігін арттырудың маңызды шарасы. Сот шешімдерін орындаудың аралас моделі шеңберінде мемлекеттік сот орындаушылары мемлекеттің кірісіне өндіріп алу, сондай-ақ мемлекеттен өндіріп алу туралы құжаттарды мәжбүрлеп орындату құқығына ие болуға тиіс.
      Сот актілерін мүлтіксіз орындауға, оның ішінде сот шешімін орындаудан бас тартқаны үшін жауапкершілікті күшейту, борышкерлерге қатысты шектеу шараларын қолдануды одан әрі кеңейту, атқарушылық іс жүргізуге іс жүргізушілік сот бақылауын күшейту арқылы қол жеткізу қажет.

      3.3. Қазақстанда құқықтық мемлекет құру азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен байланысты арнайы институттарды одан әрі жетілдіруді талап етеді.
      Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесіндегі маңызды тетігі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты болып табылады. Бұл мемлекеттік құқық қорғау институтын құру Қазақстандағы демократияның дамуындағы үлкен қадам болды. Осы институт қызметінің нәтижелігін арттыру мәселесін қарау керектігін тәжірибе көрсетіп отыр.
      Құқық қорғау институттары жүйесіндегі жетекші рөлге азаматтарға заңгерлік көмек көрсету жүйесінің негізі болып табылатын адвокатура ие.
      Азаматтардың білікті заңгерлік көмек алуға конституциялық құқығын іске асыру әділ сот төрелігіне қол жеткізудің шарты мен кепілі болып табылады. Осы құқықтың іске асырылу тетіктері жетілдіруді қажет етеді.
      Алқабилер сотын енгізу, қамау санкциясын соттарға беру адвокатура рөліне жағымды әсерін тигізді. Алайда, қылмыстық іс жүргізудің белсенді қатысушысы ретіндегі іс жүргізудегі адвокаттың құқықтарын іске асырудың тиімді құқықтық тетіктерін талап етеді.
      Заңгерлік көмек көрсету жүйесінің өзі де жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен табыс деңгейі төмен адамдарға құқықтық көмек көрсету жүйесін жақсарту қажет.
      Қалалық және ауылдық жерлерде біркелкі емес адвокаттық қызмет көрсетумен қамтудың мәселесін бірте-бірте шешу қажет.
      Ақысыз заңгерлік көмек көрсететін адвокаттардың еңбегіне ақы төлеуге әкімшілік ету жүйесі де түзетуді қажет етеді. Аталған жүйені шоғырландырылған және ашық ету қажет, бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
      Адвокаттардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру институты енгізілген елдер тәжірибесін ескере отырып, мұндай сақтандыруды біздің елде енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет.
      Маңызды міндеттердің бірі нотариат қызметінің жүйесін жетілдіру болып табылады. Нотариаттың азаматтық айналымдағы қатынастардың қосымша тұрақтылығын және заңдық қауіпсіздігін, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық инфрақұрылымның бір бөлігі ретіндегі рөлін нормативтік-құқықтық айқындау қажет. Нотариаттың ұлттық моделі нотариаттың көмегіне барлық ел аумағында қол жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс.

4.Сыртқы саяси және сыртқы экономикалық
қызметті құқықтық қамтамасыз ету

      Мемлекеттің құқықтық саясатының жаһандану жағдайында барынша қанат жайып келе жатқан халықаралық-құқықтық қырлары бар. Осыған орай аталған саясаттың маңызды бағыттарының бірі сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметті құқықтық қамтамасыз ету болып табылады.
      Сыртқы саясат саласындағы ұзақ мерзімді ұлттық мүдделердің қорғалуына, халықаралық аренада екі жақты және көпжақты сипаттағы өзара пайдалы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған осындай қызмет барабар халықаралық-құқықтық реттеуді қажет етеді.
      Ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық міндеттемелер мен халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жұмысын жалғастыру керек. Бұл жерде аталған жұмыста, ең алдымен, ішкі қажеттіліктер мен елдің дамуындағы басымдықтарды басшылыққа алу қажет.
      Мемлекеттің сыртқы саясаттағы мақсаттарын іске асыру үшін халықаралық шарттар жасасуға және халықаралық ұйымдарға қатысуға деген теңдестірілген әрі салмақты көзқарас талап етіледі, ол үшін әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық және басқа салдарларды болжау жөніндегі байыпты жұмыс жасалуы керек.
      Қазақстанның ұлттық мүдделерін халықаралық аренада қамтамасыз ету үшін, оның ішінде қауіпсіз, тұрақты Орталық Азияны қалыптастыру, өңірдің тартымдылығын арттыру үшін халықаралық-құқықтық институттар мен ұйымдар белсенді пайдаланылуы тиіс.

Құқықтық білім беру, құқықтық насихат

      Құқықтық саясаттың құрамдас бөлігі, елдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етудің, оның зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды шарты болып табылатын ғылыми және білім беру қызметін құқықтық реттеу болмақ.
      Ғылым-білім беру қызметінің құрамдас бөлігі, өз кезегінде, құқықтық білім беру, құқықтық насихат, яғни құқықтық мәдениет мәселелері болып табылады. Осыған орай, азаматтардың құқықтық санасын, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер арасында заңгерлік сауаттылықты арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Халық арасында интернет-ресурстарды қоса отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық насихаттың сапасын арттыру мен көлемін кеңейту, заңнаманы және құқық қолданудың өзекті проблемалары бойынша, атап айтқанда, азаматтардың күнделікті өмірінде жиі қолданылатын құқық салаларында ғылыми зерттеулерді жандандыру қажет.
      Ұйымдастырушылық-құқықтық сипаттағы іс-шаралармен тығыз байланысты мәселелердің бірі заңгерлік білім мәселесі болып табылады. Қоғамға және мемлекетке адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағдар ұстанған және патриоттық бағыттағы жаңа сипаттағы заңгерлік кадрлар керек. Нақ осындай тәсіл заңгерлік білім жүйесінің негізі болуға тиіс.
      Қазіргі жағдайда түрлі бейіндегі заңгер кадрларды дайындаудың проблемаларын шешудегі мемлекеттің мүмкіндіктерін шоғырландыру жолымен өту орынды. Мұндай тәсіл мемлекеттік ресурстардың ысырап болмауына және заңгер кадрлар даярлаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қорытынды

      Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыру Республика Конституциясының негізгі идеялары мен принциптерін Қазақстанда құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында өмірімізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
      Тұжырымдаманы іске асырудың тиімділігі және тиісінше ұлттық құқықтың тұрақтылығы, құқықтық реттеудің пәрменділігі мемлекеттік биліктің барлық тармағының сындарлы өзара іс-қимылына, билік органдары қабылдаған шешімдердің сапасына және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне байланысты.
      Қазақстандық заңнаманы осы Тұжырымдамада белгіленген мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарына сәйкес кешенді дамыту және тиімді пайдалану заңдылық режимін одан әрі нығайтуға, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға ықпал ететін болады.

FaLang translation system by Faboba