Жыл сайынғы есептер
Арнайы баяндамалар
Тоқсандық есептер
Ақпараттық бюллетендер

Мекен жайымыз:
Қазақстан Республикасы, 010000,
Астана қаласы, Орынбор көшесі, 8,
Министрліктер үйі, 15 кіре беріс
тел.: (7172) 74 01 69, факс: 74 05 48

info@ombudsman.kz
ombudsman@ombudsman.kz
ombudsman-kz@mail.ru

 
 Мекеме туралы  
 Уәкілге шағымдар 
 Құжаттар және басылымдар 
 Бала құқықтары 
 Сайттың қонақтарына 
 Жаңалықтар 
 Сайттың картасы 

Құжаттар мен баспада жарық көрген материалдар » Жарияланымдар » Арнайы баяндамалар » Қазақстан Республикасындағы мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктері Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баяндамасы

1-тарау. Мүгедектердің құқықтары кепілдігі саласындағы халықаралық стандарттар және кемтар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша шетелдердің тәжірибесі

Версия для печати Версия для печати

 

Халықаралық қоғамдастық мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелеріне жақында ғана назар аударды. 70-жылдардың аяғына дейін арнаулы қорғау шараларынсыз мүгедектердің барлық негізгі құқықтарын мойындау тұжырымдамасы басты орын алды. Адам құқықтары туралы халықаралық биллде жария етілген адамгершілік қадір-қасиетті кемсітпеу және құрметтеу қағидаттары мүгедектер үшін жеткілікті деп саналды. Алайда мүгедектік проблемасын зерделеу және мүгедектердің құқықтарын қорғау жөніндегі практикалық іс-әрекет олардың құқықтарын қорғаудың жекелеген халықаралық жүйесін құру қажеттігін анықтады.

Мүгедектердің құқықтарына арналған халықаралық құжаттардың тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Ақыл-есі кем адамдардың құқықтары туралы декларацияны қабылдаған (БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының
1971 жылғы 20 желтоқсандағы 2856 (XXVI) Қарарымен бекітілген)
1971 жылдан басталады. Мүгедектердің қанағаттарлық өмірге құқықтарын, сондай-ақ барлық азаматтық және саяси құқықтарын таныған жалпы сипаттағы халықаралық-құқықтық құжат БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 1975 жылғы
9 желтоқсандағы 3447 (XXХ) Қарарымен бекітілген Мүгедектердің құқықтары туралы декларация болды.

1976 жылы 16 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1981 жылды Халықаралық мүгедектер жылы, ал 1983 жыл мен 1992 жылдың аралығындағы кезеңді – БҰҰ мүгедектерінің онжылдығы деп жария етті. Халықаралық мүгедектер жылын өткізудің аса маңызды нәтижесі 1982 жылы 3 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған Мүгедектерге қатысты дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасы болды.

Осыдан 1993 жылға дейін қабылданған мүгедектердің құқықтары жөніндегі халықаралық-құқықтық құжаттар мүгедектердің жекелеген проблемаларын шешті, бірақ мүгедектердің құқықтарын тұтас қорғаған жоқ: Мүгедектерді кәсіби оңалту және жұмыспен қамту туралы ДЕҰ-ның Конвенциясы (№ 159, 1983 жыл), Мүгедектерді кәсіби оңалту және жұмыспен қамту туралы ДЕҰ-ның Ұсынымы (№ 168, 1988жыл), Мүгедектерге қатысты адам ресурстарын дамыту саласындағы қызметте басшылыққа алынатын Таллин қағидаттары (1991 жыл), Психикалық ауру адамдарды қорғау және психиатриялық көмекті жақсарту қағидаттары (1991 жыл). Тек 1993 жылы мүгедектердің құқықтарына арналған негізгі жан-жақты құжат – Мүгедектерге арналған тең мүмкіндіктерге қамтамасыз етудің стандарттық ережелері қабылданды.

Ерекше мұқтаж адамдарға білім беру жөніндегі Дүниежүзілік конференцияда: білім беруге және оның сапасына қол жеткізген Саламан декларациясы (Саламанка, Испания, 1994 жылғы 7-10 маусым) және ерекше мұқтаж адамдардың қарапайым мектептерге құқықтарын растаған Ерекше мұқтаж адамдарға білім беру бойынша іс-қимылдар негіздемесі қабылданды.

1993 жылы 14-25 маусымда Венада өткен Адам құқықтары жөніндегі дүниежүзілік конференцияда қабылданған Іс-қимыл бағдарламасының «Теңдік, қадір-қасиет, шыдамдылық» деген тарауында адам құқықтарының әмбебаптығы және мүгедектерге әдейі немесе абайсыз көзқарасы бойынша кемсітушілікке тыйым салу қағидаты ерекше атап өтілді.

Мүгедектердің жағдайын жақсартуға бағдарланған дамыту мәселелері БҰҰ ұйымдастырған жоғары деңгейдегі конференциялар мен кездесулердің күн тәртібіне жиі енгізіле бастады. Мәселен, 1995 жылы 15 қыркүйекте Әйелдердің жағдайы жөніндегі төртінші Дүниежүзілік конференцияда қабылданған Пекин декларациясы мен Іс-қимылдар платформасында мүгедек әйелдерге қатысты ережелер, бағдарлар мен шаралар толық мазмұнда берілген.

Сонымен бірге халықаралық қауымдастықтың күш-жігері жеткілікті шамада тиімді болған жоқ: БҰҰ екі рет жүргізген мониторинг (1987, 1992) барлық өзгерістерге қарамастан, мүгедектердің тең мүмкіндіктер алмағанын, ал көптеген елдерде қоғамнан оқшауланған күйінде қалғанын көрсетті. Осыған байланысты 1994 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мүгедектерге қатысты Дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасын одан әорі жүзеге асырудың ұзақ мерзімді стратегиясын мақұлдады. Оның негізгі мақсаты ретінде түрді адамдық ресурстарды қамтитын және әрбір адамға оның әлеуетін барынша дамытуға мүмкіндік беретін «барлығына бірдей қоғамды» құру жария етілді.

Алайда қалыптасқан ахуал, мүгедектердің құқықтары туралы бірыңғай ресми халықаралық шарттың жоқтығы, МОТ-тың түрлі ұсынымдарындағы, басқа да нормативтік актілердегі мүгедектердің құқықтары туралы нормалардың шашыраңқылығы - халықтың осы тобының құқықтарын толыққанды қорғауға кепілдік бермейтінін анық көрсетті. Мексика Президенті Висенте Фокстың БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 56-шы сессиясында ұсынған бастамасы бойынша Мүнедектердің құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау және көтермелеу туралы жан-жақты бірыңғай халықаралық конвенцияның жобасын дайындау басталды.

Арнаулы конвенцияны қабылдау қажеттігі негізгі конвенцияларда мүгедектердің құқықтарымен тікелей байланысты нормалардың жоқтығынан туындады. Мүгедектердің құқықтары мүгедектердің құқықтары жөніндегі осы конвенцияларда тек жанама ғана қозғалды. Тек Баланың құқықтары туралы конвенцияның бір бабында ғана мүгедек балалар туралы сөз болды. Қолданылып жүрген, мүгедектердің құқықтарына қатысы бар халықаралық-құқықтық құралдар заңдық тұрғыдан міндетті болып табылмады.

2004 жылдың тамызында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Арнаулы комитетінің мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны әзірлеу бойынша төртінші сессиясы өтті. Конвенция жобасын ағымдағы талқылаудың негізгі қайшылығы осы құжаттың мақсатын айқындауда түрлі тәсілдердің кездесуі болды. Бір елдер адам құқықтары саласындағы қолданылып жүрген халықаралық-құқықтық құжаттарда жазылған құқықтарды қайтадан растайтын және бір мезгілде қосымша мүмкіндіктерді бекітетін конвенцияға қол қоюды талап етті. Екіншілері құқықтарды қамтамасыз ету тұратын елдің экономикалық ресурстарына байланысты және конвенцияның ережелерін орындауға байланысты қаржылық ауыртпалықтар дамушы елдер үкіметінің осы құжатқа қол қоюын алыстатады деп есептеді.



Мүгедектердің құқықтары жөніндегі негізгі халықаралық құжаттар


Мүгедектерге қатысты дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасы мүгедектердің проблемаларын шешуде тәсілдерді өзгерткен бірінші құжат болды. Оны қабылдағанға дейін мүгедектерге қатысты әлеуметтік саясат тек медициналық сипаттағы шараларды, оңалтуды және мүгедектіктің жекелеген себептерін болдырмау жөніндегі алдын алуды ғана қамтыды. Бағдарламада жария етілген мүгедектердің қоғамдық өмірдегі теңдігі мен толық қатысуын қамтамасыз ету мақсаты халықаралық қауымдастықтың мүгедектіктің жай-күйін өзгертуді түсінгендігін, мүгедектік проблемасын шешуге тұтас амалдар қолдану қажеттігін мойындағанын айғақтайды.

Бағдарлама «мүгедектік» ұғымының өзін елеулі өзгертті: мүгедектерді халықтың әлсіз тобына жатқызуды тоқтатты. Сарапшылар түсінік бергендей, мүгедектік өмірдің қалыпты қыры болып табылады; сол немесе өзге де себеппен кез келген адам қалыпты өмір ағысының кез келген кезеңінде мүгедек болуы мүмкін. 1

Мүгедектердің «осалдығы» қағидатына негізделген тәсіл «қарапайым» әлеуметтік және экономикалық құрылымдарда мүгедектердің бейімделуіне жағдай жасау іс-шараларын қамтитын мүгедектердің әлеуметтік жеткіліктілігін дамыту тұжырымдамасына орын берді.

Мүгедектер үшін тең мүмкіндіктер жасау Бағдарламада қоғамдық өмірдің барлық салаларында қол жетімділікті қамтамасыз ету процесі ретінде қаралады. Құжатта жазылғандай, қол жетімділікті қамтамасыз етудің негізгі құрамы шешім қабылдау процесінде мүгедектердің толық әрі тиімді қатысуына жәрдемдесу шаралары болып табылады.

Мүгедектерге арналған тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің стандарттық ережелері Дүниежүзілік бағдарламаның идеяларын дамыту шеңберінде қабылданды және түріне қарай мүгедектердің құқықтарына арналған шарттық құжат болды.

Стандарттық ережелер ұсынымдық сипатқа ие, алайда мүгедектердің құқықтарын қорғау саласында халықаралық құжат болмаған жағдайда олар мүгедекетердің құқықтарын танитын және кепілдік беретін бірден-бір әмбебап құжат болып табылады. Стандарттық ережелер мемлекеттің мүгедектер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету шараларын қабылдауда моральдық және саяси адалдықтарын көрсетеді. Мәнісі бойынша, олар – мемлекеттердің мүгедектік проблемаларын шешу шеңберіндегі саяси-құқықтық, экономикалық және техникалық ынтымақтастығының жалғыз негізі.

Стандарттық ережелердің құқықтық және моральдық негізі, құжаттың өзінде жазылғандай Адамның құқықтары туралы халықаралық билль, Баланың құқықтары туралы конвенция, Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенция, сондай-ақ Мүгедектерге қатысты дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасы болды.

Стандарттық ережелер төрт салада тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жөніндегі практикалық ұсынымдарды келтіреді: тең қатысу үшін алғышарттар, тең мүмкіндіктер жасауға мақсатты салалар, оларды жүзеге асыру шаралары және бақылау тетігі.

Мүгедектердің құқықтарын қорғау саласында МОТ-тың арнаулы құжаттарының ішінде аса маңыздысы Мүгедекттерді кәсіптік оңалту және жұмыспен қамту туралы ДЕ¦ конвенциясы (немесе № 159 Конвенция. Конвенция 1985 жылы 20 маусымда күшіне енді) болып табылады. № 159 конвенция барлық санаттағы мүгедектердің мүддесі үшін кәсіптік оңалту саласында тиісті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етуге және жұмыспен қамтуға байланысты еңбек нарығында мүгедектердің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.



Халықаралық ұйымдардың қызметі


Мүгедектерге жәрдемдесу және қолдау саласында ауқымды жұмыстарды мүгедектікті болдырмау, мүгедектерді тамақтандыру, гигиенасы, білім беру, оларды кәсіби-техникалық даярлау, еңбекке орналастыру бағдарламаларымен айналысатын БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелері мен басқа да халықаралық ұйымдар жүргізеді. Осы бағдарламаларды жүргізетін ұйымдардың ішінде: Халықаралық еңбек ұйымы, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шарушылығы ұйымы (ФАО), Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО), Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО), Дүниежүзілік почта одағы (ДПО).

Мүгедектердің проблемаларын шешу мәселелері мемлекеттердің өңірліу ынтақтастығы шеңберінде де көтерілді: 1983-1992 және 1993-2002 жылдар Азиялық-тынық мұхиттық мүгедектерінің он жылдығы, 2000-2009 жылдар –Африкалық мүгедектердің он жылдығы, 2003-2012 жылдар – араб елдері мүгедектерінің он жылдығы, 2003 жыл – Еуропадағы мүгедектер жылы деп жарияланды.

ЮНИСЕФ өкілдігінің Басшысы ЦАРК Х. Агиляр Астана қаласындағы  мамандандырылған нәрестелер үйін Адам құқықтары жөніндегі ұлттық  орталықпен бірге аралау кезінде
 

Мүгедектердің құқықтарын қорғаудың оң тәжірибесі бар елдердің әлеуметтік саясатының инновациялық моделі


Өздерін құқықтары бойынша әлеуметтік деп атайтын бірқатар мемлекеттерде мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері басымды болып табылады. Бұл елдерде мүгедектердің проблемаларын бірінші болып, әдетте, өз азаматтары туралы әлеуметтік қамқорлық саласында үлкен үлес қосқан мемлекет басшылары өзектендірді. Бұл АҚШ-тың бірқатар президенттерінің іс-қимылдарынан аса айқын әрі тиімді көрінеді.

70-ші жылдардың басындағы мүгедек балалардың тегін және тиісінше білім алу құқығын қорғау туралы екі күрделі сот ісі, Вьетнам соғысынан кейін мүгедектер санының көбеюі – мұның барлығы американдық қоғамның мүгедектердің құқықтарын қорғау бойынша заңнамалық шаралардың қабылдауына әкелді. 1973 жылы федералдық үкіметтермен келісім-шартқа отырар кезде АҚШ-тың мемлекеттік бағдарламаларында кемсітуге жол бермеуді көздейтін «Оңалту туралы» Заң қабылданды.

1976 жылы барлық мүгедек балаларға арналған Білім туралы Заңды қабылдай отырып, АҚШ Конгресі елде сегіз миллионнан астам мүгедек балалардың бар екенін анықтады. Олардың жартысынан көбі тиісті білім алған жоқ. Осындай миллиондаған бала мектеп жүйесінде қамтылмаған. Барлық мүгедек балаларға арналған білім туралы заңның маңызы жоғары, өйткені мүгедек балалар үшін мектеп есігін ашып берді және оларға берілетін арнаулы білімді реттейтін бірқатар қорғау шараларын енгізді.

1988 жылы АҚШ Конгресі мүгедек адамдарға дене кемістігін «адам боп өмір сүрудің табиғи элементі» деп танитын, американдық қоғамның «жалпы экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени және білім беру» өмірінде «тәуелсіздігі, өзін-өзі көрсету, мазмұнды карьера жасау немесе толық қатысу» құқығына ешқандай да қысым жасамайтын «Тек-Акт» ретінде танымал техникалық құралдар арқылы көмек беру туралы Заң қабылдады.

Осы нормативтік құқықтық актілер қабылданғаннан кейін мүгедектердің өздерінің кемсітуге қарсы орасан қозғалыстары басталды. Осы орайда мүгедектер тарапын қабылдаған және жаңа заңдардың нормаларын орындамаған жағдайларда қатаң санкциялар қолданған соттар үлкен роль атқарды. Американың барлық штаты бойынша арнайы құрылған құрылысшы-мердігерлер бригадасы сырғыма жолдар мен пандустар жасай бастады, күннен- күнге мүгедектер үшін Америка қалаларында қол жеткізуді жақсартты.

АҚШ Президенті Клинтонның қолдауымен мүгедектердің тұрмыс жағдайын елеулі жақсартатын, мүгедектіктің қандай да болмасын нысанындағы адамдарға тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер беретін көптеген заңдар қабылданды. Мәселен, 1997 жылы 4 маусымда Клинтон американдық білім беруді дамытуда құбылыс болған «Дамуында және денсаулығында ауытқушылық бар адамдарға білім беру туралы» Заңға қол қойды.

Президент оның негізгі мақсатын қысқаша ғана тұжырымдады – барлық американ балалары үшін әлемдік таптағы білім беруді қамтамасыз ету. Бұл жерде, ең алдымен, барлық балалар үшін тегін орта білім алу құқығын қорғау (беру) туралы, қарапайым мектептерде оқитын мүгедек балаларға арналған арнайы оқыту бағдарламасының қол жетімділігі туралы және олардың жұмысындағы нәтижелер үшін мектептердің жауапкершілігін арттыру туралы сөз болып отыр. Бұл проблеманың қоғамдық жағына баса назар аударылды: балаларды жалпы білім беру процесінде барынша қарапайым орта мектептерде оқытуға тырысты, ал олар өз құрдастарынан қалып қоймас үшін және қарапайым оқу жоспарымен үлгеру үшін олардың әрқайсысы үшін қосымша сабақтармен бірге арнайы жеке оқыту бағдарламалары әзірленді. Бұл орайда оларды оқыту бойынша қосымша шығыстарды мемлекет өзі көтерді.

Мүгедектер үшін әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің дамуына қарамастан, мүгедектердің құқықтары туралы қамқорлық АҚШ президенттері үшін бүгін де өзекті болуда. Президент Джордж Буш 2001 жылы дене кемістіктері бар адамдардың компьютерлер мен интернетке неғұрлым қолын жеткізуіне бағытталған бұйрыққа қол қойды. 2004 жылы АҚШ армиясының ардагерлерін, соның ішінде түрлі қарулы қақтығыс салдарынан жарақат алған мүгедектерді Ақ Үйді күзетуге тарту жобасы басталды. Қазірдің өзінде Ақ Үйдің қауіпсіздік қызметінде 40 адам жұмыс істейді және жақын арада бұл сан 100-ге дейін көбейеді.

2003 жылы 16 желтоқсанда АҚШ Конгресі қарулы күштердегі ардагерлер мен мүгедектердің, сондай-ақ осындайлар жұмыс істейтін фирмалардың федералдық үкіметпен еңбек келісім-шартына отырған кездегі артықтышылығы айтылған заң қабылдады.

Мүгедектер жөніндегі дүниежүзілік комитет, Франклин және Элеонора Рузвельт Институты қоғам өміріне мүгедектердің толық қатысу міндеттерін шешуде едәуір прогреске қол жеткізген мемлекетке мүгедектер туралы қамқорлығы үшін тапсыратын Франклин Делано Рузвельт атындағы жыл сайынғы халықаралық сыйлық тағайындады.

АҚШ-та 1990 жылы «Американдық мүгедектер туралы» Заңның қабылдануына байланысты әлеуметтік саясаттың инновациялық моделі немесе азаматтық құқықтарды іске асыру моделі деп аталатын – мүгедектерге қатысты өткізілетін кемсітуге қарсы әлеуметтік саясат тұжырымдамасы дами түсті.

АҚШ-та әзірленген азаматтық құқықтарды іске асыру моделі әлеуметтік саясаттың халықаралық эталоны ретінде қаралады. Ол азаматтық құқықтарды толық қорғаумен қатар, мүгедектердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға және қоғамға кірігуіне ықпал етеді және жалпы қоғамды ізгілендіру түсу үшін алғышарттар құрайды. Сонымен бірге деинституционалдау тәжірибесін, яғни мамандандырылған интернаттар мен стационарлық үлгідегі мекемелер желісін қысқарту және тұрғылықты жері бойынша мүгедектерге қызмет көрсетуді дамыту нәтижесінде қаражатты азайту есебінен мемлекетке экономикалық жағынан тиімді.

Кейбір зерттеушілер Ұлыбритания, Мексика, Канада, АҚШ, Германия, Австралия, Израиль, Жаңа Зеландия, Жапония және т.б. сияқты мемлекеттерде мүгедектік саласында ұлттық саясатты жуықтағанын куәландырады.

Азаматтық құқықтарды іске асыру моделі тарихта бірінші рет мүгедектерге қоғамның толық құқылы мүшесі мен оның белсенді қатысушысы ретінде қарағандықтан және олардың оқшауланбай, қарапайым ортаға оралуы үшін алғышарттар жасағандықтан инновациялық болып табылады.

Бүгінде еңбек қатынастарында, мемлекеттік билік органдарында, қоғамдық пайдалану орындарында, сауда да, көлікте мүгедектерді кемсітуге тыйым салатын «Американдық мүгедектер туралы» Заң АҚШ-та мүгедектердің құқықтарын қорғайтын негізгі нормативтік құқықтық акт болып табылады. Заң барлық деңгейдегі билік органдарының мүгедектер үшін «түрлі қызмет түрлерінен, бағдарламалар мен қызмет көрсетулерден артықшылықтарды алуға бірдей қол жеткізуін» қамтамасыз етуін ұйғарады. Бұл мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін пайдалануды, соттарда, сайлау учаскелерінде және қалалық жиналыстарды болуы қамтиды. Заң «мүгедектерге қатысты кемсітушілікті болдырмас үшін саясаттың, тәжірибенің және рәсімдердің ақылға қонымды өзгерістерін» қабылдауды міндеттейді.

Бұдан басқа, тиісті мемлекеттік қызметтер мен құрылыс компаниялары жаңа ғимараттар мен құрылыстарды салған және оларды қайта жөндеген кезде оларға мүгедектерге арналған арбаларды пайдаланатын адамдардың кіруін жеңілдету үшін мүгедектердің ерекшеліктерін ескеруі тиіс. Қоғамдық көлік әкімшілігі мүгедектерге өз қызметтерін ұсыну кезінде кемсітуге жол бермеуі тиіс. Олар қарапайым қоғамдық көлік түрлерімен дербес пайдалана алмайтын мүгедектерге отырғызу – түсіру және жол жүру кезінде қолайлы жағдай жасауы немесе арнайы көлік құралын беріп қамтамасыз етуі керек.

«Мүгедектерді еңбекке орналастыру туралы» жеке заң мүгедектердің еңбекке орналасу мәселелерін реттейді және жұмысқа қабылдау, қызмет бойынша жоғарылаған, кәсіби оқу, ақы төлеу кезінде кемсітуге тыйым салады.

Мүгедектер туралы американдық қамқорлық үлгісінің табысты болуы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы қызметті заңнамалық тұрғыдан реттелуінен ғана емес, сол қоғамның сол немесе өзге де дене кемшіліктері бар адамдардың қоғамның толық және ықпалды бөлігі екенін барынша сезіне білуіне бастамашылық етуінде. Мәселен, «WGBH» тележелілердің білім беру қоры (Бостон) мүгедектердің теледидарды пайдалану мүмкіндігін кеңейту жүйесін әзірледі.

АҚШ-та не нашар еститін немесе көретін, не ағылшын тілін жеткілікті білмейтіндіктен теледидар мен радиоға қол жеткізе алмайтын 85 миллиондай адам бар. «WGBH» жанында құрылған БАҚ-қа қол жеткізудің ұлттық орталығы (НКАМ) Ұлттық соқырлар федерациясымен ынтымақтастықта нашар көретіндер үшін арнайы телефон желісі бойынша синтезделген дауыспен АҚШ-тың «USA Today» ірі жалпы ұлттық газеті таратылатын жүйе жасады.

Нашар еститін адамдардың теледидарға қосылуы үшін мүмкіндік берген американдықтардың айтарлықтай жетістігі – арнайы «Кэпшн орталығы» айналысатын титрлерді («кэпшн») енгізу. 1972 жылдың өзінде-ақ «Кэпшн орталығы» АҚШ-тың, Англияның, Канада мен Австралияның телекомпанияларын, жарнама өндірушілерді, музыкалық бейнекассеталарды титрлермен қамтамасыз еткен. Титрлер жүйесі тек арнаулы декодерлермен жабдықталған телевизорлардың қабылдауымен ғана жұмыс істейді. 1990 жылы «Кэпшн орталығы» қолдаған «ТВ-декодерлері туралы» Заң қабылданды, соған сәйкес 1993 жылғы 1 шілдеден бастап АҚШ-та сатуға шығарылған экранының диагоналы 13 дюймен артық барлық телевизорларда декодер салынуы тиіс.

Бүгінгі күні Американың төрт маңызды коммерциялық телеарналары «Эн-Би-Си», «Эй-Би-Си», «Си-Би-Эс» және «Фокс» прайм-таймда өтіп жатқан өздерінің барлық бағдарламаларын, сондай-ақ балаларға арналған барлық бағдарламаларды және аптасына 60 сағатқа дейін жаңалықтар шығарылымын титрлермен жабдықтайды. Ірі кабельді арналар да көптеген хабарларды титрлермен жабдықтайды. Үйде пайдалануға арналған 10 мыңнан астам бейнекассеталардың атауы да титрлермен жабдықталған, жаңа бейнелердің барлығы дерлік нашар еститіндерге арналған нұсқамен шығарылады. Жыл сайын 500-ден астам музыкалық бейне және 7 мың 250 жарнамалық роликтер титрлермен жазылған.

Ал 1990 жылдан бастап «WGBH» тележелілердің білім беру қорының жанында нашар көретіндер үшін қоғамдық теледидар бағдарламаларын, бейнекассеталар және бұқаралық ақпараттың басқа да көру құралдарын жасайтын «Сипаттама бейне-қызметі» (ДВС) жұмыс істей бастады.

Батыста дамыған мүгедектердің қоғам өміріне пәрменді және толық кірігу идеясы банкоматтарды арнауды аудио немесе бейнежүйелермен жабдықтауға әкелді. Көзінің ақауы бар адамдар үшін банкоматтың қызмет көрсетуін кеңейтуге арналған алғашқы машинаны 1997 жылы Royal Bank канадалық банк орнатты. Америкада мұндай технологияны бірінші рет екі жылдан кейін San Francisco Credit Union кредиттік одағы қолданды. Оның артынан осындай жүйелерді нашар көретін адамдарға өз қамқорлығын көрсетуге тырысқан ірі қаржы институттарының көпшілігі орната бастады.

Бұл идея Америкада танымал болғаны сонша, жақын болашақта қаржы институттарының аудиожүйелермен жабдықталған банкоматтарды орнатуға қатысты талаптары мүгедектердің құқықтары туралы Заңның жаңа редакциясына енгізілетін болады. Банкоматтарда дыбыстық қызмет көрсету технологиясын бірінші болып қолданған Royal Bank әлсіз көретіндер үшін тең мүмкіндіктерді көздейтін адам құқықтары туралы канадалық Актіні орындау аясында әрекет етті.

Көруі нашар адамдар үшін интернет бетттерінде түстердің аз болуы, нашар еститіндер үшін банкоматтарды және көпшілік фильмдер мен хабарларды дыбыстандыру - әлеуметтік қоғамның, тіпті азаматтары тең мүмкіндіктерге ие құқықтық мемлекеттің даму көрсеткіштері.

Канаданың мүгедектерді еңбекке орналастырудағы жұмыс тәжірибесін зерделеу де пайдалы. «Жастарды еңбекке орналастыру стратегиясы» атты арнайы бағдарламаның шеңберінде жастардың арнайы немесе жоғары білім алу, еңбекке орналасу, жас мүгедектерді еңбекке орналастыратын жұмыс берушілердің жеңілдіктер, кемтар адамдарға қажетті жабдықтар құнына жәрдемақы алу жөнінде бірқатар шаралар көзделеді. Студенттік займдар бағдарламасы мүгедек студенттерге қаржылық жеңілдіктер ұсынады.

Дамыған елдерде мүгедектердің құқықтарын бекіту тетіктері әртүрлі: Канадада тең құқылық және мүгедектерді кемсітуге тыйым салу қағидаты – елдің Конституциясында, Германияда – Негізгі заңда, Әлеуметтік заңдар кодексінің арнайы тарауында, «Мүгедектер туралы», «Оңалту жөніндегі шаралардың біркелкілігі туралы», «Қоғамдық көлікті пайдалануда мүгедектерге жәрдемдесу туралы», «Мүгедектер арасында жұмыссыздыққа қарсы күрес туралы» заңдарда, Ұлыбританияда – «Мүгедектерді кемсітпеу туралы», «Ұлттық көмек туралы», «Мүгедектер туралы», «Өмір бойы мүгедектігі бойынша және жұмыс істейтін мүгедектер үшін жәрдемақылар туралы», «Әлеуметтік қамсыздандыру туралы» арнайы заңдарда, Венгрияда – «Мүгедектердің құқықтары және олар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету туралы» заңда жазылған.

Швецияда, АҚШ-та, Норвегияда, Финляндияда, Ұлыбританияда, Канадада және Германияда ертерек араласу бағдарламасы дамыған, мақсаты – көмекке мұқтаж баланы мүмкіндігінше ерте анықтау және оған осы көмекті көрсету.

Мүгедектердің құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері Азия мен Тынық мұхиты өңіріндегі елдердің заңдарында әзірленді. Осы өңірдегі көптеген мемлекеттер қоғамның жұпыны тобының пайдасына оң кемсітушілікті шешетін, мүгедектердің толық қатысу және теңдігі қағидаттарын жария ететін конституциялық ережелерді қамтиды. Мүгедектерді оңалту және жұмыспен қамту жөнінде арнайы қорлар құру көзделген. Айналадағы ортаға мүгедектердің қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін мәжбүрлеу шаралар енгізілуде.

Кемтар адамдардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Жапонгияның мүгедектер туралы іргелі заңы ерекше қызықтырады. Мүгедектердің тәуелсіздікке қол жеткізуі аталған заңның негізгі мақсаты ретінде жария етілген. Бұдан басқа, заңда мүгедектермен жұмыс істеу және мүгедектіктің алдын алу жөнінде жан-жақты жоспар қабылдау көзделеді.

Мүгедектер проблемасын шешу басымдылығының дәрежесі көбінесе мүгедектер саны мен олардың қозғалысының белсенділігіне байланысты. Сарапшылардың бағалауы бойынша, батыс елдерінде мүгедектердің құқықтарын сақтау қозғалысы бастау алуда және қол жеткен нәтижелерімен одан 15-20 жыл қала отырып, феминистік қозғалыс сызбасымен дамуда.

Сондықтан бұл қозғалыстың белсенділігі кемсітуге қарсы заңдарды қабылдау және осы саладағы әлеуметтік саясатты өзгерту маөсатында дамитын болады, бұл, бір жағынан, мүгедектер санасының елеулі өзгерісіне және оларда өз құқықтарын талап етуде өмірлік берік ұстанымдарының қалыптасуына әкеледі, екінші жағынан, мемлекеттің мүгедектердің құқықтары, мүмкіндіктері мен мәртебесінің барынша теңдігі жағына қарай қайта жаңғыруына және қаржылық қолдауды қайта бөлуге ықпал ететін болады.

Көптеген мемлекеттерде мүгедектерге қатысты мемлекеттік саясаттың жүргізілуін бақылайтын үйлестіру тетіктері жасалды. Кипрде мүгедектік проблемасы бойынша орталық орган болып табылатын Еңбек және әлеуметтік сақтандыру министрлігі жанында Оңалту мәселелері жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Финляндияда Мүгедектік проблемалары жөніндегі Мемлекеттік кеңес министрліктер мен мемлекеттік мекемелердің консультациялық органы болып табылады. Венгрия мүгедектердің құқықтары мен тең мүмкіндіктеріне қатысты 1998 жылғы XXVI заңға сәйкес үкіметтік консультациялық орган құрды. Мүгедектерді қорғау туралы Арнайы заңға (1993 жылғы № 12 заң) сәйкес құрылған Иорданияның Мүгедектерді қорғау жөніндегі ұлттық кеңесі мүгедектерді қорғау және кәсіптік даярлау бағдарламасын қамтамасыз етеді әрі жеке секторлар мен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетеді. 2001 жылы Мексика Президент кеңсесінің жанынан министрлер кабинетінің деңгейінде мүгедектерді көтермелеу және әлеуметтік ықпалдасу жөніндегі басқарма құрып, мүгедектерге қатысты шешім қабылдау және мемлекеттік саясатты үйлестіру процесіне мүгедектерді тарту мәселелері жөнінде Консультациялық кеңес құрды. Норвегияның мүгедектерге қатысты стратегияларды жүзеге асыру жөнінде дәйекті шараларды қамтамасыз етіп, мүгедектердің мүддесі үшін мемлекеттік іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуды қамтамасыз етпек ойы бар. Тринидад пен Тобагода Мүгедектік проблемалары жөніндегі ұлттық үйлестіру комитеті үкіметке мүгедектікке байланысты консультациялық қызмет көрсетеді. Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігі 1999 жылы саясат пен бағдарлама саласындағы бастамаларды жүзеге асыру үшін негіз болып табылатын «Оқшаулаудан ықпалдасуға» деп аталған құжатты жариялаған Мүгедектердің құқықтары жөніндегі Тәуелсіз мақсатты топ құрды.

Осылайша мүгедектердің қоғамға кірігуі туралы, әдетте, барлық әлемде мемлекет басшылары бастамашылық еткен қамқорлық пандустер мен съездер салуды ғана емес, барлық мүмкін кедергілерді жою жөніндегі бірқатар тұтас шараларды, сондай-ақ мүгедектерге қатысты мемлекеттік саясаттың өткізіулін үйлестіретін және бақылайтын жекелеген мемлекеттік институттар құруды қамтиды.



ТМД елдерінде мүгедектердің құқықтарын қорғау


Жыл сайын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мүгедектердің құқықтарын қорғауға қатысты қарар қабылдайды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2001 жылғы 19 желтоқсандағы 56/115 Қарарында үкіметтік, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды мүгедектерге қатысты халықаралық нормалар мен стандарттарды көтермелеуге шақырған. Қабылданған шаралар туралы өз баяндамаларын ұсынған 32 мемлекеттің ішінен ТМД-дан – тек Ресей Федерациясы мен Молдова Республикасы ғана. Бұл тізімде біздің елімізде бола алар еді.

Мүгедектердің құқықтарын қорғау жүйесі ТМД-ның барлық елдерінде дерлік жеткілікті дамымаған. Көптеген өзге діни ұйымдардан айырмашылығы ТМД мүгедектердің жағдайын жақсарту жөнінде бағдарламаларды қабылдауға және өмірде өткізуге байланысты мүгедектердің жылын немесе онжылдығын аз жариялады.

Соңғы жылдары ТМД елдерінде мүгедектердің проблемасын шешу үшін елеулі шаралар қабылдана бастады.

Мәселен, Президент В.Путин Ресей Федерациясында 2003 жылды Мүгедектер жылы деп жариялады. Осы орайда мүгедектердің құқықтарын қорғайтын бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілер қабылданды.

1996 жылы әлемдік тәжірибе ескеріліп, мүгедектік ұғымы мен өлшемдері айқындалған «Ресей Федерациясында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Федералдық заң күшіне енді; еңбек қабілеттігін толық немесе ішінара жоғалтуға емес, ағза қызметінің тұрақты бұзылуынан әлеуметтік көмектің қажеттілігіне назар аударылды; осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау жөніндегі федералдық органдардың құзыреті айқындалды; мүгедектерге берілетін құқықтар мен жеңілдіктер белгіленді; мүгедектерді оңалту және олардың тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі айқындалды. Ресей Федерациясында «Қартаң жастағы азаматтар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету туралы», «Өндірістегі бақытсыз жағдайлардан және кәсіптік аурулардан міндетті сақтандыру туралы», «Қайырымдылық қызмет және қайырымдылық ұйымдар туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы» және бірқатар басқа да заңдар қолданылады.

2001 жылы Украина Президенті Л.Кучма елдің кез келген кішігірім кәсіпорны бір мүгедекті жұмысқа алуға міндетті, ірі кәсіпорындарда мүгедектер саны жұмыс істейтіндердің жалпы санынан 4 пайызынан кем болмауы тиіс заңға қол қойды.

Беларуссияда, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңдары бар ТМД-ның көптеген елдерінен айырмашылығы «Мүгедектіктің алдын алу және мүгедектерді оңалту туралы» заң қолданылады.

Молдовада Мүгедектерді әлеуметтік қорғау, оңалту және ықпалдасудың 2000-2005 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы қабылданды.



Қорытынды


Мүгедектердің құқықтарын қорғайтын арнайы конвенцияның жоқтығына қарамастан, әлемдік қауымдастық мемлекеттің мүгедектерге көзқарасы бойынша міндеттеріне қатысты әрі жан-жақты құжаттармен және арнаулы сипаттағы құжаттармен қатар берілген негізгі нормативтік базаны әзірледі.

Мүгедектердің тіршілік әрекетінің жекелеген қырларын реттейтін халықаралық құқықтық құжаттардағы күмәнсіз жетістік - барлығының тұтастай кемтар адамдарды кемсітпеу қағидатын көтермелеуге бағытталғандығында. Мүгедектерге қатысты дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасы және Мүгедектерге арналған тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің стандарттық ережелері сияқты жан-жақты құжаттар біздің мемлекетімізде заңдық міндемелерді жүктемеуіне қарамастан, қабылданатын заңдардың моральдық тұрғыда әсер ету негізі болып табылады, мүгедектердің, мемлекеттік қызметшілердің, қызметкерлердің, мүгедектерге арналған мекеме оқытушыларының арасында кеңінен таралуға тиіс.

Мүгедектердің құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттары адам құқықтарын қорғаудың барлық жүйесінде ортақ адам құқықтарының әмбебаптығы және кемсітуге тыйым салу қағидатына негізделген. Бұл қағидаттың маңызы мүгедектер үшін дене немесе ақыл-ойының белгісі бойынша әрқайсысының әлеуетін шектемей дамытуға мүмкіндік беретін «барлығына бірдей қоғам» құру идеясынан тұрады.

Халықаралық стандарттардан көрінгендей, мүгедектердің проблемаларын шешуде медициналық сипаттағы іс-шараларға ғана негізделмей, тұтас көзқарастармен ғана мүмкіндіктерді іске асыруға болады. Жаңа көзқарастың қағидаттық айырмашылығы - мүгедектердің «кемтар» қағидатының «қарапайым» әлеуметтік және экономикалық құрылымдарда мүгедектердің бейімделуіне жағдай жасау шараларын көздейтін олардың әлеуметтік өз-өзіне сенімділігін дамыту тұжырымына өзгеруі еді. Оның үстіне халықаралық стандарттар «мүгедектікті» халықтың әлсіз тобы деп түсінуді өзгертті, өйтені мүгедектерге мұндай көзқарас олардың қоғам өміріне кірігуіне кедергі келтіреді.

Халықаралық-құқықтық құжаттарға сәйкес қоғам өміріне пәрменді және толық кірігу процесі бірінші кезекте қоғамдық өмірдің барлық салаларына қол жетімділікті қамтамасыз етуге, шешім қабылдау процесінде мүгедектердің толыққанды және тиімді қатысуына жәрдемдесуге негізделген. Осы іс-шараларды қаржылық іске асыру көптеген елдерде деинституционалауды өткізу, яғни мамандандырылған интернаттар мен стационарлық үлгідегі мекемелер желілерін қысқарту және тұрғылықты жері бойынша мүгедектерге қызмет көрсетуді дамыту нәтижесінде қаржыны азайту есебінен өткізіледі.

Азаматтық құқықтарды дамыту моделінде, мүгедектерді қоғамның толық мүшесі ретінде ұсынуға негізделген және АҚШ-та ойдағыдай іске асырылған оқшауландырмау тәжірибесі мүгедектерге қатысты әлеуметтік саяаттың ең сәтті, ұрт мойындаған тәжірибесі болып табылады. АҚШ президенттерінің ұсынып отырған инновациялық даму сызбасы қоғамдық бастамалардың арқасында тиімді болды.

Халықаралық стандарттардың артықшылығын және мүгедектердің қоғам өміріне кірігуі жөніндегі бастамаларды қолдау қажеттігін сезіну, мүгедектердің құқықтарын қорғау саласындағы дамыған мемлекеттердің тәжірибесін пайдалану Қазақстанда да өтуі тиіс. Мемлекеттік саясаттағы мүгедектердің құқықтарына қазіргі заманғы көзқарас мемлекеттің қоғамды мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі мен қаржылық қолдауды қайта бөлу жағына қарай жаңғыруына әкеледі.

 




 
Kaz Rus Eng

ПОИСК
   



Бала ???ы?тарын ?ор?ау ж?ніндегі портал
 
Создание веб-сайта финансируется Проектом Европейского Союза «Усиление учреждения Омбудсмена в Казахстане»
Сайт разработан студией «Style.KZ», 2006
Яндекс.Метрика